Отадан кейінгі үйден оңалту тәсілі бюджет шығынын 50% үнемдейді — Айгүл Қасымова
АСТАНА. KAZINFORM — Астанадағы № 10 емхана қазір Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы ретінде жұмыс істеп тұр. Орталық мамандары Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған баспасөз турында аталмыш қанатқақты жоба медициналық қызметтің қолжетімділігіне қалай әсер еткенін айтты.

Орталық директоры Айгүл Қасымова мұндағы жоба сәтті іске асса, тәжірибесін бүкіл республикаға тарату көзделіп отырғанын айтады.
Қазір елімізде бір дәрігерге орта есеппен 1700 тұрғын бекітілген. Бұл көбіне әр маманға жазылу үшін ұзын-сонар кезекке тұрған
Осы ұзын-сонар кезекті сейілтіп, науқастың дәрігер қабылдауын күтетін уақытын мейлінше азайту үшін екі жылдан бері медбикелердің өз бетімен пациент қабылдауы қолға алынған.
«Біздің орталық екі жыл бұрын осы тәжірибені алғашқылардың бірі болып қолға алды. Соның аясында медибекелердің біліктілігін ұдайы арттырып отырмыз. Жаңа жүйе бойынша енді дәрігер диагноз қойып, науқастарды емдеуге көбірек мүмкіндік алады. Ал медбикелер тұрғындарды екпеге шақырып, ауырмаудың жолын іздеп жүрген адамдарды қабылдайды. Оның сыртында дәрігер қойған диагноз бен емдеу тәсілі бойынша рецепт тағайындайды. Бұл дәрігердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырады», — дейді орталық директоры.
Бұл орталықта амбулаториялық хирургия орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл да хирургия саласындағы жаңашылдықтардың бірі деуге болады. Бұл орталықта ота жасатқан науқастар, қысқа мерзімнің ішінде үйіне оралып, оңалту емдерін өз отбасының ортасында қабылдайды.
«Амбулаториялық хирургия орталығы республикалық бюджетке түсетін ауыртпалықты азайтады. Мұндай жүйе қалыпты хирургиядан 40-50 пайыз үнемді. Яғни, мұнда ота жасатқандар емханада тәуліктеп жатпайды. Біздің орталық күніне 10-15 адамға ота жасайды. Негізгі бағыттары — жалпы хирургия, урология, проктология, гинекология, офтальмология, қан-тамыр хирургиясы және тағы басқалар», — дейді Айгүл Қасымова.
Бұл орталыққа Астана қаласының 67 мың тұрғыны бекітілген. Оның 22 мыңы — бала.
Жоспарлы қуаты бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған. Алайда жыл басынан бері бір ауысымда орта есеппен 1 100 адам жүгінген.