Отан қорғаушы спортшылар: медаль үшін кімдер әскери шен алады

АСТАНА. KAZINFORM — 7 мамыр — Қазақстанда Отан қорғаушылар күні. Осы мерекеге орай Kazinform тілшісі спорт пен әскери қызметті қатар алып жүрген отандық спортшылар туралы шолу жасады.

а
Фото: Қорғаныс министрлігі

Халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын спортшылар жеңіс тұғырынан көрінген сәтте көк Туымыз көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады. Бұл — әрбір қазақстандық үшін мақтаныш.

Бүгінде бірқатар спортшы кәсіби спортты күштік құрылымдардағы қызметпен ұштастырып жүр. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігінің Орталық спорт клубына тіркелгендер мен Ұлттық ұланның спорттық командаларында өнер көрсететіндер бар. Мұндай жүйе спортшыларға әскери қызмет пен спорттық мансапты қатар дамытуға мүмкіндік береді.

Мереке қарсаңында осындай спортшылардың ең танымалдарына тоқталамыз.

Елдос Сметов

Майор Елдос Сметов — ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Спорттық командасын даярлау орталығының әскери қызметшісі. Рио Олимпиадасы 2016 барысында күміс медаль жеңіп алғаннан кейін оған мерзімінен бұрын лейтенант шені берілді.

а
Фото: ҚР ІІМ

Париж Олимпиадасы 2024 кезінде ол капитан шенінде болды. Аталған додада тарихи алтын медаль иеленгеннен кейін спортшы майор шеніне көтерілді.

Бүгінде Елдос Сметов Ішкі істер министрлігі жүйесінде қызмет етеді. Ол «Динамо» спорт қоғамы мен Ұлттық ұлан құрамында өнер көрсетеді.

Нариман Құрбанов

Нариман Құрбанов — ҚР Қарулы күштерінің қызметкері спортшы-нұсқаушы. Ол 2024 жылы өткен Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында жеке есепте күміс медаль иеленді. Осы жетістігі үшін Қорғаныс министрі спортшыны «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапаттады.

а
Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Алайда сол кезде Нариман Құрбановтың офицерлік әскери шені болмаған. Осыған байланысты оған әскери атақ берілген жоқ.

Ал 2024 жылдың желтоқсанында спортшыға «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері» атағы табысталды.

Демеу Жадраев

Демеу Жадраев — ҚР Қарулы Күштері Орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушысы.

а
Фото: ҰОК

Балуан 2024 жылы өткен Париж Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Айтулы жетістігі үшін оған мерзімінен бұрын капитан әскери шені берілді. Сондай-ақ, «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапатталды.

Гусман Қырғызбаев

Гусман Қырғызбаев, Демеу Жадраев сияқты, капитан әскери шеніне ие. Ол — ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының әскери қызметшісі.

Париж Олимпиадасы барысында спортшы қола медаль жеңіп алды. Осы нәтижеден кейін Қорғаныс министрінің бұйрығымен оған капитан шені мерзімінен бұрын берілді.

а
Фото: Альберт Ахметов / Kazinform

Олимпиада кезінде Гусман Қырғызбаев аға лейтенант шенінде болған.

Қызықты дерек: дәл осындай капитан шені оның егіз ағасы Гумар Қырғызбаевқа да мерзімінен бұрын берілген. Ол қазір Орталық спорт клубында дзюдо жаттықтырушысы әрі бөлімше басшысы қызметінде.

Сонымен қатар, Гумар Қырғызбаев олимпиадалық жетістіктері үшін Қорғаныс министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Ислам Сәтпаев

Ислам Сәтпаев — 2024 жылғы Олимпиадада пневматикалық винтовкадан ату сайысында қола медаль жеңіп алып, ел қоржынына алғашқы жүлдені салған спортшы. Ол ефрейтор әскери шеніне ие.

Париж Олимпиадасы басталған сәтте Ислам Сәтпаев қатардағы жауынгер шенінде еді. Олимпиада аяқталғаннан кейін, ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен оған кезекті әскери шен — ефрейтор берілді.

а
Фото: Қорғаныс министрлігі

Спортшы ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спорттық ротасында қызмет 
етеді.

Олимпиададағы қола медаль үшін ол «Ел қорғаны» II дәрежелі ведомстволық медалімен және «Парасат» орденімен марапатталды.

Максұт Жұмаев

Максұт Жұмаев — майор әскери шеніне ие. Ол ҚР Қарулы Күштері Орталық спорт клубы таулы дайындық орталығының штаттық әскери қызметшісі әрі нұсқаушысы.

2020 жылдың мамыр айында оған кезектен тыс майор шені берілді. Бұған дейін ол капитан шенінде қызмет атқарған.

а
Фото: veters.kz

Жұмаев — әлемдік альпинизмнің танымал тұлғасы. Ол қосымша оттегісіз жер шарындағы барлық 14 сегіз мыңдық шыңды бағындырған әлемдегі 12-ші альпинист. Kazakh Everest Team экспедициясы аясында 2024 жылдың мамыр айында Эверест шыңын үшінші рет бағындырды.

Сонымен қатар, ол альпинизмнен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері және «Құрмет» орденінің иегері.

Ризабек Айтмұхан

Ризабек Айтмұхан — жас буын спортшыларының жарқын өкілі.

Ризабек Айтмұхан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие. Ол құқық қорғау саласында да қызмет атқарады. Спортшы жедел қимылдайтын арнайы жасақ қатарына саналы түрде қосылған. Бұл шешіміне Отанға қызмет етіп жүрген әріптестері мен аға буын спортшылары үлгі болған. Бүгінде спортшы бұл қызмет оның тәртіпке, төзімділікке және мақсатқа адал болуға баулығанын айтады.

Вольник Ризабек Айтмухан стал бронзовым призером молодежного чемпионата мира
Фото: ҚР ҰОК

Қазақстанның бірқатар спорт саңлақтары әскери қызметті қатар атқаратын офицерлер құрамына кіреді.

Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасы 2016 чемпионы. Ол Ұлттық ұланның лейтенанты шеніне ие.

Василий Левит сол Олимпиадада күміс медаль жеңіп алып, лейтенант әскери шенін иеленді.

Әділбек Ниязымбетов Лондон Олимпиадасы 2012 және Рио Олимпиадасында күміс жүлдегер атанды. Ол Ұлттық ұланның капитаны шеніне мерзімінен бұрын көтерілді.

Иван Дычко екі Олимпиадада да қола медаль иеленіп, капитан әскери шенін алды.

а
Фото: Қорғаныс министрлігі

Әскери қызметшілермен жұмыс істейтін спорт мамандары да бар. Мысалы, UFC-дің бұрынғы файтері Сергей Морозов әскери қызметшілер мен күштік құрылым өкілдеріне арналған қоян-қолтық ұрыс және ММА бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді. Ол жаттығулар барысында партерлік күрес тәсілдерін, соққыдан қорғану әдістерін және жекпе-жек кезіндегі психологиялық дайындықты үйретеді.

Осыған дейін Қазақстанда саперлар қалай даярланатына шолу жасағанбыз.