Отан қорғаушылар алаңынан фоторепортаж: Астанадағы Ұлы Жеңіс күні
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордамыз Астанада басқыншы Германияға қарсы сұрапыл соғыста бірнеше миллиондаған адамның өмірін жалмаған Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні кеңінен аталып өтті.
Бұл Жеңіске Қазақстан халқының қосқан үлесі шексіз екендігі белгілі. Майданға аттанған екі миллионға жуық қазақстандықтың жартысына жуығына туған жер топырағы бұйырмады. Ал тылда қалған қарттар мен әйелдер, буыны бекімеген балалар «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен майдан қажеттілігі үшін тынбай еңбектенді. Кеңес армиясын қажетті оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін жанқиярлықпен жұмыс істеген Қазақстан халқы майданға жауынгерлердің қажеттілігі үшін аталған заттарды үздіксіз жөнелтіп отырды.
Бүгін сонау зұлмат соғыс жылдарында ерлікпен қаза тапқан азаматтарымызды еске алу, Жеңіс күнін бүгінгі ұрпаққа мұра еткен майдангерлерімізге құрмет көрсету үшін елордадағы «Отан қорғаушылар» алаңына ағылған қала халқы мен қонақтарының қарасы мол болды. Дәл осы алаңға арнайы ат басын бұрған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Мәңгілік алау жанына Даңқ гүл тізбегін әкеліп қойды, осыдан кейін бір минут үнсіздік жарияланды.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң Нұрсұлтан Назарбаев арнайы тігілген шатырлар қалашығында ардагерлермен әңгімелесті. Мемлекет басшысы оларды және барша қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады. «Жеңіс күні - Ұлы мереке. Әкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қарап отырмыз. Қасиетті топырағымыздың бір миллион сегіз жүз мыңнан астам ұлдары мен қыздары шайқасты. Миллиондаған адам бәрін де майдан үшін, бәрін де жеңіс үшін беріп, бел шешпей еңбек етті», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айт кетейік, бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмаған қанды қырғында елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер 1934 жылы бекітілген ең жоғары атақ - Кеңес Одағының Батыры атанды, оның 100-ден астамы - қазақтар. Сонымен қатар 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанса, Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталған қазақстандықтар саны 100 мыңға жуықтайды.
Соғыс ардагерлері жыл өткен сайын арамыздан азайып барады. Бүгінде Қазақстанда 6 мың 700-ге жуық Ұлы Отан соғысының ардагерлері бар. Оның 250-ден астамы елордада тұрады.