«Отан қорғаушылар» алаңында ардагерлерге мерекелік дастарқан жайылды
АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін «Отан қорғаушылар» алаңында шатыр қалашығы «бой көтерді». Тігілген 11 шатырда барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін мерекелік дастарқан жайылды. Басты ас мәзірі нағыз солдат ботқасы, деп хабарлады astana.kz сайтына қалалық әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінен.
Шатыр қалашығын тігуді қалалық әкімдіктің басқармалары мен құрылымдық бөлімшелері ұйымдастырды. Әрбір ведомство мерекеде басты қонағы - Ұлы Отан соғысының ардагерін қабылдайтын шатыр тікті. Дәстүрлі солдат ботқасымен қатар, мерекелік дастарқанға манты, бауырсақ пен шай дайындалған. Күні бойы мерекелік түскі ас дастарқанынан 400-ден астам ардагер дәм татады, деп күтілуде.
Сонымен қатар, бүгін елорданың барлық тұрғындары мен қонақтары үшін «Студенттік» парк аумағында да шатыр қалашығы тігіледі. Онда мерекелік сауданың көрігі қызып, келушілер әскери техника мен мерекелеік концертті тамашалай алады. Екі сахнада қаланың шығармашылық ұжымдары театрландырылған қойылымдар қойып, соғыс жылдарындағы әндерді шырқайды.