«Отан тарихының» 20 кітабы жарық көрмек

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 2014 жылға дейін Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Отан тарихының» 20 кітабын шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Астанада басталған Қазақстан тарихшыларының I Конгресі барысында институт директоры, профессор Ханкелді Әбжінов мәлім етті.
None
None

Оның сөзіне қарағанда, 2012-2014 жылдары ішінде жарық көретін 20 кітаптың алғашқы 5-еуі палеолиттен бастап Шыңғыс хан жорығына дейінгі арғықазақтар дәуірін қамтиды, 3 кітап қазақ антропологиясы, этногенезі, хандығы, рухани әлемі жайлы болмақ, 4 кітап отарланған өлке тарихына арналады, 2 кітап кеңестік жылдардағы тарихты ашпақ, 4 кітап тәуелсіздік тағылымын таразылайды. 19-шы және 20-шы кітаптар Қазақстан тарихын зерттеудің методологиясы мен тарихнамасына, деректер көзіне арналмақ.

«20 кітаптан тұратын 10 томдық «Отан тарихын» Астана мен Алматының тарихшы ғалымдары жазады. Бұған аймақтардағы әріптестеріміз ренжімеуі керек. Рас, бүгінгі таңда 5 аймақта да - оңтүстікте, солтүстікте, батыс пен шығыста, орталықта - археология мен этнологияның, деректану мен тарихнаманың, ұлт тарихының білікті мамандары қалыптасқан. Мәселен, Семейдегі мемлекеттік екі жоғары оқу орнында, Қарағанды қаласындағы ЖОО - ларда 20-ға жуық тарих ғылымдарының докторлары еңбек етеді. Осы интеллектуалдық әлеуетті аймақ тарихын жазуға жегетін уақыт келді. Әрине, 20 кітап көлемінде жазу қажет емес. Ғалымдар 2010 жылы жарық көрген «Қазақстан тарихы» бестомдығын басшылыққа алып, өз аймағының тарихын сондағы мазмұндық құрылыммен жазып шықса, құба-құп», - дейді ғалым.

Соңғы жаңалықтар