Отан үшін от кешіп, ұрпақ үшін жанын пида етуге дайын болған ардагерлерді құрметтеу - парызымыз - ҚазҰТУ ректоры
АЛМАТЫ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған бірнеше салтанатты шаралар өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлері және ауған соғысының ардагерлері шақырылған. Ашылу салтанаты ҚазҰТУ маңындағы Даңқ мемориалына гүл шоғын қоюмен және осы оқу орнында соғыстан кейін 50 жылдан аса уақыт ұстаздық еткен ардагерлер Құрманғалиев Мейрам мен Батырбеков Мұштайдың құрметіне арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен басталды.
«Жеңістің 65 жылдығы - тарихымыздағы айтулы күн. Осы мерекеге орай, бүгінгі шараны құрметті ардагерлерімізді ұлықтау, ардақтау және дүниеден өткен жауынгерлерді еске алу мақсатында өткізіп жатырмыз. Біз ардагерлеріміздің ерлігін еш уақытта ұмытпауымыз керек. Отан үшін от кешіп, ұрпақ үшін жанын пида етуге дайын болған ардагерлерді құрметтеу біздің парызымыз», деді ҚазҰТУ ректоры Жексенбек Әділов. Оның айтуынша, ҚазҰТУ тізімінде 13 соғыс ардагері мен 56 еңбек майданына қатысушылар бар. "Оның екеуі біздің оқу орнында әлі күнге дейін жұмыс істеуде. Олар профессор Досмұхамед Шыбеков пен доцент Натан Рехсон. Олардың өмірі жастарға, жас ұрпаққа үлгі боларлық өмір, деп атап өтті Жексенбек Әділов.
Шара барысында ардагерлердің 15-і - «Құрметті түлек», 5-еуі - «Айрықша еңбегі үшін», 32-сі - «ҚазҰТУ Ардагері», 26-сы «Үздік түлек» төсбелгілерімен марапатталды. Олардың құрметіне мерекелік дастархан жайылып, барлығына қаржылай және арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.