«Отандастар» қорының жылдық бюджеті қанша
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының жанындағы қоғамдық комиссияның отырысында қордың 2022 жылғы бюджеті қанша екені мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қордың жылдық бюджеті қанша? Былтырғыдан азайды ма, көбейді ме? Жалпы қордың штатында неше адам жұмыс істейді?» деп сұрады комиссияның мүшесі, қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек.
Қоғамдық комиссияның төрағасы, сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуына қарағанда, биылғы бюджет былтырғыдан аз болып отыр.
«2022 жылы «Отандастар» қорының бюджеті 650 млн теңге болып белгіленген. Жалпы штатта 33 адам жұмыс істейді. Оның ішіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының штаты да кіреді. Штаттағы қызметкерлер арасында шетелден отанға қоныс аударған екі азамат бар. Жалпы қордың директорлар кеңесінің құрамында қандас отандастарымыз да бар. Соның бірі – кәсіпкер Сырымбек Тау», - деді «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы.