Отандастарымыз ел болашағына бей-жай қарамайтын болды - Мемлекет басшысы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отандастарымыз ел болашағына бей-жай қарамайтын болды. Бұл туралы бүгін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Отандастарымыз ел болашағына бей-жай қарамайтын болды. Ашық түрде өз пікірлерін айта бастады. Азаматтық қоғам барынша белсенді бола түсті. Дегенмен, кейде оған кемелділік жетісе бермейді. Бұл жүре түзелетін іс. Ал бұл біздің демократиямыздың нығаятындығын, қоғамдық сана-сезімін отаншылдық құндылығына негізделетіндігін білдіреді», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы кеңестің әрбір мүшесінің өз пайымы мен ұстанымы бар екендігіне назар аударды.
«Бұл дамыған азаматтық қоғамның табиғи жай-күйі. Біз менің ұлықтау рәсімінде айтқан «әртүрлі пікір, біртұтас ұлт» деген тезисіме сүйенуіміз қажет. Шындығында баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз дамуға жол жоқ. Бұл алға жылжуды қамтамасыз ететін үш кит», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.