Отандық дәрі-дәрмек өндірісінде ілгерілеу бар ма
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек өндіру саласында отандық өндірістің үлесіне қатысты түсінік берді.

— 2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық тауар өндірушілер (ОТӨ) өндірісінің үлесі 14,4 пайызға дейін төмендеді. Қабылданған шаралар жиынтығында COVID-19 пандемиясының аяқталуына байланысты ОТӨ өндірісі көлемінің қысқаруын тұрақтандыруға мүмкіндік берді (2024 жылы ОТӨ өнімінің үлесі — 15,1%). Бұл тұрғыда 2024 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 171,6 млрд теңгені құрады және ОТӨ өндірісінің 21,8 пайызға өскені байқалды. Ал 2023 жылдың ұқсас кезеңінде 140,9 млрд теңгеге жеткен еді. Былтыр фармацевтикалық салаға тартылған инвестициялар көлемі 2 есе ұлғайды (2023 жылғы 46,9 млн АҚШ долларынан 2024 жылы 91,3 млн АҚШ долларына дейін), - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Негізгі өндірістік қуаттар Шымкент, Алматы қалаларында, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл және Қарағанды облыстарында орналасқан. Аталған өңірлерде қант диабеті, жүрек-қан тамыры аурулары мен онкология сияқты ауруларды емдеу үшін өмірлік маңызы бар өнімдер, сондай-ақ медициналық заттар шығарылады. ОТӨ-ні қолдау аясында ұзақ мерзімді шарттар іске асырылып жатыр. Қазіргі кезде көптеген отандық және ірі шетелдік компаниялар Қазақстан аумағында өндірісті орналастыруға талпынып отыр. Инвестициялар туралы келісімдер (инвестициялардың ең төменгі шегі 29,5 млрд теңге) жасасу арқылы отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттардың көлемі мен номенклатурасын кеңейту жоспарланған.
— Дәрiлiк заттарды мiндеттi түрде таңбалау енгiзiлдi, инспекторатты нығайту және олардың айналымы бойынша реттеушiлiк деңгейдi арттыру жүзеге асырылып жатыр. Осылайша, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және жалпы алғанда, 2029 жылдың соңына қарай ОТӨ өнімінің үлесін 50% -ға дейін жеткізу мақсаты қойылды, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Бұған дейін елде бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттардың 6 мыңнан аса саудалық атауына шекті бағалар бекітілгенін жазған едік.