Картоп енді шірімейді: PepsiСo жергілікті көкөністі кәдеге жаратуға ниетті

PepsiСo
Фото: KAZAKH INVEST

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Алматы облысы Алатау қаласында құрылысы басталатын «Lays» брендті жеңіл тағамдар өндіретін зауытқа әу баста көкөністің 50 пайызы қазақстандық фермерлерден жеткізілмек. Ал 2033 жылы 100 пайыз отандық шаруалардың картобы қолданылады.

Бұл туралы Астанада өткен зауыт жобасының таныстырылымы рәсімінде Ресей, Беларусь, Кавказ, Орталық Азия елдеріндегі PepsiСo азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ірі трансұлттық корпорациясының президенті Давид Манзини айтты.

«Зауыттың құрылысын 2026 жылы аяқтауды көздеп отырмыз. Бүгінде жер телімі сияқты негізгі мәселелер шешімін тапты. Бұл ретте, барынша қолдау көрсеткен қазақстандық билік өкілдеріне алғысымды білдіремін. Зауыт сәтті іске қосылса, Орталық Азиядағы ең ірі жобамыз болмақ. Өнімдер Орталық Азия елдерімен қатар, ТМД елдеріне экспортталатын болады. Ең бастысы, 350-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Өзге де әлеуметтік жобаларымыз бар», - деді Д. Манзини.

Белгілі болғандай, снектер шығаратын жаңа зауыттың құрылысына 70 млрд теңге инвестиция тартылмақ. ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұловтың айтуынша, аталған жоба жайлы алғаш рет 2022 жылы ҚР Президенті қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған іс-сапары барысында айтылған.

PepsiСo
Фото: KAZAKH INVEST

«Сол жылы америкалық инвесторлармен болған кездесуде уағдаласқан шарттар бүгін жүзеге асып жатыр деуге толық негіз бар. Аталған ірі трансұлттық компания Орталық Азиядағы штаб пәтері ретінде Қазақстанды таңдап отыр. Барлық келісімшарттарға қол қойылды. Алатау қаласындағы арнайы экономикалық аймағына осындай ірі компаниялардың келуі еліміздегі инвестициялық климаттың жақсарғанын, инвесторларға әрдайым Үкімет тарапынан зор қолдау барын көрсетеді», - деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Аталған жобаның азық-түлік өнеркәсібі мен АӨК үшін маңыздылығымен қатар, зауыт құрылысы іргелес көлік, логистика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қаптау және қайта өңдеу салаларына мультипликативті әсер ететінін атап өткен жөн.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Премьер-Министр Олжас Бектенов Ресей, Беларусь, Кавказ, Орталық Азия елдеріндегі PepsiСo азық-түлік өнеркәсібі саласындағы ірі трансұлттық корпорациясының президенті Давид Манзинимен кездескенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram