Отандық кәсіпкерлер зәйтүн өсірумен айналыспақ

Маңғыстау
Фото: elmundo.uecdn.es

Маңғыстау облысында тәжірибе түрінде 2 мың түп зәйтүн ағашы егілді.  Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

«Биыл атап өтер бір мәселе – жергілікті кәсіпкерлер Маңғыстау облысында тәжірибе түрінде зәйтүн ағашын егу мәселесін қолға алып жатыр. Қазіргі таңд2 мың түп зәйтүн ағашы егілді, сонымен бірге тәжірибе түрінде Арыс және Жаркент қалаларында егілген болатын. Осы тәжірибе оң нәтиже көрсетер болса, кәсіпкерлер 10 мың гектарға дейін зәйтүн егіп, оның майын кәсіп етуді жоспарлап отыр», - деді Н.Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Жалпы облыстағы агөнеркәсіп кешені 10 айдың қорытындысы бойынша, былтырғы есептік кезеңмен салыстырғанда өсім көрсетіп отыр.

Биыл жалпы құны 1 млрд болатын 4 жоба іске асты, 80 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде азық-түлік сақтайтын қоймалар, жылыжай кешені, ет өңдеу комбинаты және ет өнімдерін консервілеу жобалары жүзеге асқан.

«Келесі жылға біз 5 жобаны жоспарлап отырмыз, оның ішінде 4 жылыжай құрылысы бар. Себебі бізге азық-түліктің 84 пайызы сырттан келеді. Сол тәуелділікті азайту үшін жылыжайлар қосамыз. Сонымен бірге, азық-түлік сақтайтын қоймаларды салу мәселесі бар. Бұл жобалардың құны – 2,2 млрд теңге», - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Нұрлан Ноғаев Астанада Маңғыстау облысының биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар