Отандық кәсіпкерлерге ЕАЭО-ның мемлекеттік сатып алу нарығына жол ашылды — Құрылтай Заң қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылытай отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу жөнінде хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады.
Құжатты таныстырған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтың мәліметінше, хаттамаға 2025 жылғы 28 шілдеде Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қол қойды. Оның ережелері Одақ аясындағы құқықтық реттеуді жетілдіруге және құқық қолдану практикасы барысында анықталған олқылықтарды жоюға бағытталған.
— Ұсынылып отырған хаттамада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 30 түзету енгізу көзделген. Олар ішкі нарықтың жұмыс істеуі, мемлекеттік сатып алу, техникалық реттеу, көрсетілетін қызметтер саудасы, бәсекелестік, электр энергетикасы және көлік мәселелерін қамтиды. Атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық комиссияның Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді әдіснамалық тұрғұдан саралау және тосқауылдар мен шектеулерді жойылды деп тану жөніндегі өкілет бекітіледі. Аталған норма комиссия жұмысының бірыңғай тәсілін қалыптастырудың құқықтық негізін айқындайды және елдеріміз арасындағы кедергісіз ортаны қалыптастыруды жақсартуға ықпал етеді, — деді ол.
Кәсіпкерлер үшін ЕАЭО нарығына жол ашылады
Министр Қазақстанның мемлекеттік сатып алу саласындағы бастамасын іске асыруға ерекше назар аударды.
— Хаттамада банктік кепілдіктерді өзара тану бекітіледі. Бұл отандық кәсіпкерлерге қазақстандық банктің кепілдігі болған жағдайда Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік сатып алу нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Бұған дейін басқа мүше мемлекеттер банктерінен кепілдік алу талап етілген. Бұдан басқа, әкелу кедендік баждарын төлеуге байланысты мәліметтер алмасу жөніндегі нормалардың қайталануы жойылады. Өйткені мұндай ақпарат алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде көзделген. Сондай-ақ комиссияның мүше мемлекеттер ұсынатын ақпаратты пайдалану мақсаттары нақтыланады, — деді Арман Шаққалиев.
Оның атап өтуінше, бәсекелестік саласында комиссия шешімдері орындалатын аумақтағы мемлекеттің заңнамасын ескере отырып, оларды мәжбүрлеп орындату тәртібі нақтыланады. Осылайша, енгізілетін өзгерістер қайталанатын ережелерді жоюға, қолданыстағы тетіктерді нақтылауға және Одақ аясындағы жекелеген рәсімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Алмат Жөкебаев құжат Еуразиялық экономикалық одақтың басты шартына, сонымен қоса 9 қосымша хаттамаға өзгерістер енгізіп, кедендік әкелу баж салықтары бойынша ақпарат алмасуға қатысты бөлімді толығымен алып тастауды көздейтінен назар аударды. Осыған орай ол аталған бөлімді алып тастау күнделікті кедендік әкелу баждары бойынша ақпаратты алмасу жұмысына кедергі келтіру мүмкіндігіне алаңдаушылық танытты.
— Ол тетіктер Кеден кодексінде толығымен қамтылған ба? Сол тетіктердің болмауы жалпы кедендік әкімшілендіруге, өзара ақпараттық жұмыстарға кері әсерін тигізбей ме? , — деп сұрады депутат негізгі баяндама жасаған Арман Шаққалиевтен.
Министр аталған тетіктердің Кеден кодексіне енгізілгенін атап өтті. Сондықтан ережелер қайталанбас үшін ол тетіктер талқылауға шығарылған келісімшарттан алынып тасталған. Ал кеден органдарының арасында ақпарат алмасу бұрынғыдай жалғаса береді.
Жалпы хаттаманың мынадай негізгі 3 артықшылығы бар:
— кедергілерді анықтау және жоюдың ортақ тәртібі белгіленеді;
— мемлекеттік сатып алу тәртібі жақсарып, қазақстандық банк кепілдіктері электронды түрде танылады;
— ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу тәртібі нақтыланады.
ЕАЭО елдері халықаралық жүк тасымалын цифрландыруға көшеді
Ал депутат Гүлісхан Нахбаева министрден Одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық автомобиль тасымалдары саласында электрондық рұқсаттарды енгізуге дайындығын сұрады.
— Бүкіл мүше мемлекет осы тетікті енгізуге дайын. Осы жылдың 15 қазанында Астанада пилоттық жоба іске қосылды. Бұл пилоттық жоба бізге қағазсыз электрондық рұқсатты ресімдеу және алмасу тәртібін айқындайды. Бұл түзетулер цифрландыру механизмдерін толық енгізуге жол ашады, — деді Арман Шаққалиев.
Депутат Константин Петров қаралып отырған хаттамада мемлекеттік сатып алу туралы ақпаратты жариялау талаптары нақтыланып, банктік кепілдіктерді өзара тану бекітілетініне назар аударды.
— Осы хаттама ратификацияланғаннан кейін қарапайым қазақстандық кәсіпкер үшін нақты не өзгереді? Отандық кәсіпкерлердің ЕАЭО-ға мүше басқа елдердің мемлекеттік сатып алуына қатысуына кедергі келтіретін қандай мәселелер шешіледі? , — деп сұрады ол министрден.
Арман Шаққалиевтің айтуына қарағанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында банктік кепілдіктерді өзара тану туралы келісім күшіне енді.
— Енді Қазақстанда қазақстандық банк берген кепілдік ЕАЭО-ға мүше елдердің біріндегі реттелетін сатып алуға қатысқысы келетін отандық өндіруші үшін қосымша рәсімдерсіз танылады. Екіншіден, интеграция үдерісіндегі даму қарқынының әркелкілігі жойылады. Қазақстанда мемлекеттік сатып алу үдерістері цифрландырылған, кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ сатып алуға қатыса алады. Осы айырмашылықтар жойылып, Одақ елдерінің нарығына кедергісіз қол жеткізуге жол ашылады, — деді Сауда министрі.
Осыдан кейін депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұдап, екінші оқылымда қабылдады.