Отандық құрылыс материалдарының үлесі қанша

АСТАНА. KAZINFORM - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі осы жылы Қазақстанға шетелден қандай құрылыс материалдары жеткізіліп жатқаны жайында түсінік берді.

құрылыс материалдары
Фото: ҚР Сада және интеграция министрлігі

«Құрылыс материалдары бойынша отандық өнімдердің үлесіндн 2020 жыл мен 2024 жыл аралығында өсім болды, яғни 13 пайыздық көрсеткішке ұлғайды. 2024 жылдың қаңтар-тамызы аралығында отандық өнім үлесі 66,8 пайызды көрсетті. Шетелден жеткізілетін негізгі материалдардың арасында мәрмәр, травертин, алебастр, шлакты мақта, минералды әрі силикатты мақталар бар», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Қазақстан нарығы мына материалдармен толықтай қамтамасыз етілген: портландцемент, тауарлы бетон, гипс, құрылыс ерітінділері және гипсты картон. 

«Сонымен қатар, 2024 жылдың қыркүйегінде жоба құны 43,8 млрд теңге болатын зауыт іске асырылды. Осы зауыттың ашылуымен жылу оқшаулағыш материалдарына қатысты 100 пайызға ішкі нарықты қамтиды және шетелге экспорттауға мүмкіндік туады», - делінген ведомство ақпаратында. 

Мұнымен қоса импортқа тәуелді тауар түрлері де бар. Олардың арасында еденге төсейтін өнімдерді (линолеум), түсқағаздар және санфаянс сияқты өнімді атап өткен жөн. 

Биыл көктемде Премьер-Министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров кейбір құрылыс материалдары бойынша толық импортқа тәуелді екенімізді айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар