Отандық оңалту технологияларына жол картасын әзірлеу ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай депутаттары отандық ассистивтік технологияларды өндіріске енгізу және мүгедектігі бар адамдарды оңалту мәселелерін талқылады.

Отандық оңалту технологияларына жол картасын әзірлеу ұсынылды
Фото: Құрылтай

27 қараша, Астана. Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің алаңында көшпелі отырыс өткізді. Жиын «Мүгедектігі бар адамдардың дербес өмір сүруіне арналған ассистивтік технологиялар: отандық прототиптерден өндіріске дейін. Протез, ортез, оңалту және кәсіптік даярлау» тақырыбына арналды.

Отырысқа депутаттар, мемлекеттік органдардың, стартаптар мен ITM Lab өкілдері, жаңа технологияларды әзірлеушілер, медициналық оңалту орталықтары, ғылыми ұйымдар және бизнес өкілдері қатысты.

Отандық оңалту технологияларына жол картасын әзірлеу ұсынылды
Фото: Құрылтай

Жиынды депутат Захира Бегалиева жүргізіп, тақырып бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен сарапшылардың баяндамалары тыңдалып, қатысушылардың сұрақтары талқыланды.

– Бүгінгі отырыстың мақсаты – отандық ассистивтік технологияларды өндіріске енгізіп, мүгедектігі бар адамдардың дербес өмір сүруіне жағдай жасау. 2026 жылғы 1 қазанда елімізде 762,4 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Оңалту құралдарымен қамтамасыз ету жоспары 80,6 пайызға, протездік-ортопедиялық көмек көрсету жоспары 66,1 пайызға орындалған. Осыған байланысты заңнаманы жетілдіру, әзірлемелерді сынақтан өткізу мен өндіріске енгізудің бірыңғай жол картасын әзірлеу, ғылым мен өндіріс байланысын нығайту ұсынылды. Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарды сынақтан өткізуге қатыстырып, осы бағыттағы жұмысты үйлестіретін алаң құру қажеттігі айтылды, – деді депутат.

Отандық оңалту технологияларына жол картасын әзірлеу ұсынылды
Фото: Құрылтай

Astana Hub алаңында депутаттар мен қонақтар отандық стартаптар мен өндірушілер әзірлеген 14 инновациялық жобамен танысты. Олардың қатарында есту қабілеті бұзылған студенттерге арналған нақты уақыт режимінде субтитр жасайтын InclusiveTalk платформасы, көру қабілеті бұзылған адамдарға кедергілерді анықтауға көмектесетін Auspex ақылды таяқ қондырмасы бар.

Отандық оңалту технологияларына жол картасын әзірлеу ұсынылды
Фото: Құрылтай

Сондай-ақ инсульт пен балалардың церебралды сал ауруы кезінде қол-аяқты оңалтуға арналған Tenzo және Orken экзоскелеттері, Fenix Recovery вертикализатор-жаттықтырғышы, MoveUp, NerVR, Orchid және Samga нейроойын оңалту жүйелері, Unlimited қауіпсіздік білезігі, глюкоза деңгейін теріні теспей өлшейтін xTralist құрылғысы, ReHub қашықтан бақылау жүйесі және Ottobock протездері таныстырылды.

Отандық оңалту технологияларына жол картасын әзірлеу ұсынылды
Фото: Құрылтай

Депутаттың айтуынша, ассистивтік технологияларды әзірлеуден бастап өндіру, қолданысқа енгізу және кейінгі қызмет көрсетуге дейінгі үдерісті жүйелі ұйымдастыру қажет. Осыған байланысты жиында үш негізгі бағыт бойынша ұсыныстар қаралды. Олар – құқықтық реттеуді жетілдіру, отандық әзірлемелерді өндіріске енгізудің бірыңғай жол картасын қалыптастыру және ғылым мен өндіріс байланысын нығайту. Атап айтқанда, заңнамаға өзгерістер енгізу, әзірлемелерді сынақтан өткізу мен тіркеу тәртібін нақтылау, сондай-ақ ғылыми ұйымдар, өндірушілер мен пайдаланушылар арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері көтерілді.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға заңнамалық түзетулер пакетін әзірлеу және ведомствоаралық жол картасын дайындау жөнінде ұсынымдар қабылданды.