Отандық өңдеу өнеркәсібі экспорты сегіз айда 17,8 млрд долларға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша еліміздің ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7% немесе 8,6 трлн теңгеге жеткен. Толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтып берді.

«Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі еліміздің ЖІӨ-не қосқан үлесі 12,7% немесе 8,6 трлн теңгені құрады. Сегіз айдың ішінде сыртқы сауда көрсеткіштері бойынша өңделген тауарлар экспортында да оң өзгерістер байқалды. Өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспорты 6,4%-ға артып, 17,8 млрд долларды құрады (өткен жылы 8 айда 116,7 млрд). Экспортқа бағытталған негізгі тауарлар қатарында өнеркәсіптік сорғылар ($27,1 млн), кабельдік өнімдер ($4 47,7 млн), тіркемелер мен жартылай тіркемелер ($2 27,4 млн), арматура ($136,5 млн) бар. Өңдеу өнеркәсібі тауарларын импорттау бойынша керісінше, (7,2%) төмендеу байқалады», - деді Олжас Сапарбеков орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, вице-министр жеңіл өнеркәсіп саласына тоқталды.
«Қыркүйек айында Атырау қаласында қуаты жылына 15 млн шаршы метр тоқыма емес полиэфирлі геотекстиль өндірісі іске қосылды. Бұл өнімді автожолдар құрылысында, ғимараттардың іргетасын нығайту, дренаж жүйелерін салу үшін пайдалануға болады. Қара металлургияда шыбық мен арматуралар жасаудың рекордтық шығарылымы тіркелді – 704 мың тонна, 17,5%-ға артық. Саран қаласында автомобиль шиналарының өндірісі жолға қойылған», - дейді министрдің орынбасары.
Бұған дейін хабарлағанымыздай елімізде жүк вагондарын шығару алты есе ұлғайған.