Отандық өндірушілер де, тұтынушылар да сырттан келетін сапасыз өнімдерден қорғалмаған - депутат
Бүгін Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу институтында ветеринария мен фитосанитария қауіпсіздігі мәселесі бойынша көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды Kazinform.
«Іс-шара барысында қордалаған мәселелерді, оның ішінде ветеринария мен фитосанитарияға қатысты нормаларды талқыламақпыз. Бүгінде екі инспекцияның да өз деңгейінде жұмыс істеп отырмағандығын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта біздің өндірушілеріміз де, тұтынушыларымыз да сырттан келетін сапасыз өнімдерден қорғалмаған», - деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров отырыс алдында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Оның атап өтуінше, бүгінде супермаркеттердің де, шағын дүкендердің де сөресінде сырттан келген тауарлар толып тұр.
«Өйткені, біздің екі инспекциямыз – кім көрінгенге ашық есік. Қазіргі уақытта импортталатын азық-түлік өнімдері не бәрі 5 көрсеткіш бойынша ғана тексеріледі. Ал қазақстандық өндірушілер Ресей нарығына шығу үшін өнімдерін 100-ден астам, тіпті 120-дай қажетті сертификаттаудан, түрлі тексерулерден өткізуі тиіс. Сондықтан бүгінде жарамай қалған не болмаса өзге нарықтар үшін сапасыз болған өнімдер бізге ағылып жатыр», - деді депутат.
Осы орайда ол бұл саладағы проблемалық мәселелерді шешу қажеттігіне назар аудартты.