Отандық өндірушілерге барынша тапсырыс жүктеп отыруға тиіспіз – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов бірінші орынбасары Роман Склярдан бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысын сұрады.
«Тауарлар мен қызметтерді сатып алуды ұлғайту бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылған болатын. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілді?», - деп сұрады Олжас Бектенов бірінші орынбасарынан.
Сауалға жауап берген Роман Скляр 14 ақпанда 50 ірі өнеркәсіп мен ұлттық компания басшыларымен кездесу өткізгенін атап өтті.
«Алдағы жылдары жаңа өндірістер құру, сондай-ақ жергілікті тауарлар мен қызметтерді сатып алуды айтарлықтай арттыру бойынша нақты міндеттер қойдым. Жалпы, кәсіпорындарда қойылған міндеттер бойынша түсінік бар. Мысалы, ERCI компаниясы қазірдің өзінде ыстық бекітілген темір зауытын, KAZ Minerals жаңа мыс балқыту зауытын салып жатыр. Қазфосфат пен Қазазот жаңа өндірістер есебінен тыңайтқыштар шығаруды 2 есе арттыруды жоспарлап отыр. Алматы мен Қостанай өндірістік алаңдарында автокомпоненттер өндірісі басталады. Барлық кәсіпорын 16 наурызға дейін келесі кезеңге жаңа өндірістерді құру бойынша орта мерзімді даму жоспарларын және отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуды арттыру жөнінде жаңа бағдарламалар ұсынатын болады», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Осы орайда Премьер-Министр ұлттық экономиканы жедел дамыту үшін оның маңызы зор екендігін баса айтты.
«Қазақстандық өнімге сұранысты арттыру есебінен айтарлықтай өсу резервтері бар. Бұл белгілі. Кәсіпорындармен жоспарлы және белсенді жұмыс нәтижесінде отандық өндірушілерге барынша тапсырыс жүктеп отыруға тиіспіз. Бұл мәселені ерекше бақылауда ұстаңыз», - деді Олжас Бектенов.