Отандық өнім: банктерге қойылатын талаптар қайта қаралуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева отандық өнім шығару саласын дамытуға қатысты пікір айтты. 

Банки, инфляция
Коллаж: Kazinform/ Canva

— Басты нәтиже — жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар, бәсекеге қабілетті өнім шығару, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын ашу болуы тиіс. Жауапты мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың және квазимемлекеттік сектордың басқа да ұйымдарының жұмысын дәл осы көрсеткіштер бойынша бағалаған жөн. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың проблемалары мен жаңа өндірістерді ашуға кедергілер нақты шешімдерді талап етеді. Егер кәсіпорын қаржыландыруды ала алмаса, инфрақұрылымға қосылмаса немесе өнімді өткізуді қамтамасыз ете алмаса, мемлекеттік бағдарламалардың болуы проблеманы өздігінен шешпейді. Әрбір жүйелі кедергі бойынша нақты шаралар, жою мерзімдері және нәтиже үшін дербес жауапкершілік қажет, — деді Дания Еспаева Құрылтайда «Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу туралы» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Осы орайда ол офтейк-келісімшарттарға жеке тоқталды. Бұл ретте шартқа қол қою жұмыстың түпкілікті көрсеткіші болмауы тиіс.

— Келісімшарт жасасу мен қаржыландыру тартудан бастап өндірісті іске қосу мен өнімді нақты жеткізуге дейін барлық тізбекті қадағалау қажет. Орындалмаған шарттар бойынша себептері анықталып, шаралар қабылдануы тиіс. Отандық өндірісті мәлімделген қолдаудың тек қағаз күйінде қалуына жол берілмейді. Аталған шаралармен қатар, ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттардың Бірінші санаттағы кепілдік қамтамасыз ету ретінде қабылдануы және жоба құнының 80-85% көлемінде несие алуды қамтамасыз етуі үшін екінші деңгейлі банктерге қойылатын талаптарды қайта қарау қажет, — деді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол мемлекеттің және квазимемлекеттік сектордың ірі сатып алу бюджеті қазақстандық өнімге тұрақты сұранысты қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты. Отандық тауар өндірушілерді қолдау жөніндегі талаптарды айналып өтуге мүмкіндік беретін практикаларды анықтап, жолын кесу қажет. Бұл ретте өндірушілердің өздерінен сапа, баға және жеткізу мерзімдері бойынша міндеттемелерді сақтау талап етіледі.

Бұған дейін хабарланғандай, Құрылтайда импортқа тәуелділікті азайтудың тетіктері ұсынылды.