Отандық өнім экспортын 195 позиция бойынша арттыруға дайынбыз – Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаевпен кездесті.

Үкіметте Қазақстан нарығына қырғыз жеміс-көкөнісін ерте жеткізу және тауар айналымын ұлғайту мәселелері талқыланды
Фото: ҚР Үкіметі

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын сөз етті. Атап айтқанда, былтырғы қорытынды бойынша өзара сауда көрсеткіші $1,7 млрд-ты құраған.

Серік Жұманғарин экономикалық ынтымақтастық әлеуетін едәуір арттыру үшін бірқатар тиімді қадам жасауды ұсынды. Ең алдымен, жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту қажет екенін айтты. 

– Қазақстандық өнім экспортын 195 позиция бойынша $260 млн-нан астам сомаға арттыруға дайынбыз, - деді вице-премьер. 

Үкіметте Қазақстан нарығына қырғыз жеміс-көкөнісін ерте жеткізу және тауар айналымын ұлғайту мәселелері талқыланды
Фото: ҚР Үкіметі

Сондай-ақ ол бизнес-форумдар мен өзара сауда миссияларын өткізуде өзара сауданы арттырудың маңызды рөлін атап өтті. 

Қатысушылар ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты жандандыруды талқылады. Атап айтқанда, Қырғызстанның ерте жеміс-жидектер мен көкөніс өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізу мәселесі сөз болды. Өз кезегінде қазақстандық тарап дәнді және майлы дақыл экспортын арттыруды ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар теміржол тасымалы рәсімдерін жеңілдету мүмкіндігі мен бірлескен ынтымақтастықтың басқа да мәселелерін талқыға салды. 

 

Соңғы жаңалықтар