Отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарттар артып келеді – Премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордадағы «Адал азамат. Адал еңбек. Адал бизнес» форумында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдауға қатысты пікір айтты.

Олжас Бектенов
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Өңірлерді аралағанда кезде, қуаты 20-30 пайызға ғана жүктелген заманауи және бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды жиі көремін. Себебін сұрай келе, олардың мемлекеттік органдардағы, ұлттық компаниялардағы, ірі жеке кәсіпорындардағы конкурсқа қатыса алмай жатқаны мәлім болып жатыр. Біз осы мәселемен айналысып, қажет бірқатар шешімді қабылдадық. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алуда қазақстандық өндірушілерден басым тәртіпте сатып алынатын тауарлардың тізімі үш еседен астам кеңейтілді. Қазір бұл тізімге 4500 өнім атауы енді. Біз қазірдің өзінде алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. 9 айдың қорытындысы бойынша отандық тауар өндірушілермен жасалған келісімшарт сомасы 31 пайызға өсіп, 167 млрд теңгені құрады», - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерді қолдау, сатып алу мерзімін оңтайландыру мақсатында «Самұрық-Қазына» қорының сатып алу тәртібі өзгертілді.

«Отандық тауар өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз ету тетігі заңмен бекітілді. Ол түсті металлургияның негізгі өнімдері бойынша қолданылады. Бұл тұрғыда тиісті 25 келісім жасалды. Қазір бұл қадамдар алюминий мен мысты ішкі өңдеуді екі есеге арттыруға мүмкіндік берді», - деді Үкімет басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, форум барысында Премьер-министр елге жанашырлық танытқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.

Сонымен қатар ол Үкімет ірі бизнестің айналасында шағын және орта бизнес белдеуін дамытуда елеулі әлеуетті көріп отырғанын атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар