Отандық жылқы тұқымын сақтау және көбейтуге 701 миллион теңге бөлінеді

жылқы
Фото: ҚР Үкіметі

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мініс және мініс-жегін жылқылардың отандық тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заңды мақұлдады.

«Заңның негізгі мақсаты – отандық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту, мал басын ұлғайту үшін селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізу. Осы мақсатты іске асыру үшін заңда «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте асыл тұқымды малдардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі сияқты қасиеттері тұқым стандартына жатқызылады. Аталған заңмен «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» және «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі», - деді сенатор Ернұр Әйткенов.

Оның атап өтуінше, заңнамалық түзетулерде отандық жылқы тұқымын сақтау және көбейту мақсатында келесідей субсидиялау көзделген:

- отандық мініс-жегін жылқыларын өсіретін орталықтарға шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларын сатып алуға;

- асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге;

- оларды ұстау бойынша шығындарды өтеуге.

«Мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның жалпы сомасы – 701 миллион теңге. Бұл қаражат алдағы 5 жылға жыл сайын 140 миллион теңгеден берілетін болады. Көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары асыл тұқымды жылқылардың гендік қорын сақтауға, дамытуға және қалпына келтіруге, отандық жылқы шаруашылығын жетілдіруге ықпал етеді деп сенемін. Бұл заң елімізде ұлттық ат спорты түрлерін дамытуға, қазақ халқының мәдениетін, дәстүрлері мен өмір салтын насихаттайтуға септігін тигізеді. Заңды қабылдау отандық асыл тұқымды жылқыларды өсіру үшін мемлекеттік қолдауды алуға, мініс-жегін қазақы жылқылардың санын көбейтуге және олардың спорттық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді», - деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар