Отандық жүк тасымалдаушыларды шет мемлекеттерге жөнелтуде қандай мәселе бар
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда халықаралық автокөлік жүк тасымалы мәселелері бойынша кеңейтілген кеңес отырысы өтті.

ҚР Көлік ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әли Алтайдың айтуынша, отандық көлік-логистикалық бизнес өкілдерімен Алматыда екінші рет кездесу өтіп отыр.
«Бұған дейін Алматыдағы алғашқы кездесуде халықаралық автокөлік жүк тасымалын жүзеге асыру кезінде отандық тасымалдаушыларға шет мемлекеттерге кіруге мүмкіндік беретін рұқсат бланкілерін бөлу жүйесін реформалауды ұсынған едік. Себебі, бұл бағытта бірқатар мәселені көріп отырмыз. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың да тәуекелі байқалады. Жалпы, жүйені әлі жетілдіре түсу қажет. Сол себепті жаңа жүйені ұсынып отырмыз. Ол бойынша нақты жүк тасымалдайтын азаматқа шетелдік бланкіні беретін боламыз, кейін ол азамат барған сол шетелдің аумағынан 30 күн ішінде шығып кетуі тиіс. Біз оның барлығын «Бүркіт» ерекше арнайы мақсаттағы жасақпен бірге қадағалайтын боламыз. Сол арқылы бүкіл бланкілердің нақты статистикасын білеміз. Сондай-ақ нарықтағы барлық тасымалдаушыны бір деңгейге келтіреміз. Алдағы уақытта жаңадан құрылған немесе бұрыннан бар тасымалдаушы компанияларға да тең дәрежеде жағдай жасайтын боламыз», - деді Әли Алтай.
Оның айтуынша аталмыш бланктер мемлекет аралық келісімшартпен жүзеге асатын құжат саналады.
«Бізде әлемнің 42 мемлекетімен жасасқан сондай келісімшарт бар, соның нәтижесінде жыл басында біз әр мемлекетпен паритеттік мөлшерде бланкілермен алмасып отырамыз. Болашақта кез келген тасымалдаушы жаңа жүйе арқылы бланкіні ала отырып, қалаған жағына бара алатындай жағдай жасауымыз керек. Бланкіні алу мәселесі бойынша жүйені әлі оңтайландыру керек. Бүгінгі кездесуде біз ешқандай мәселені жасырмай, ортаға салып отырмыз. Жоспарға сәйкес, биылғы жылдың ортасында жаңа жүйені іске қосқалы отырмыз. Оған дейін тасымалдаушылардың барлық ұсыныс-талаптары ескеріледі. Бұл ретте мемлекет пен кәсіпкерлердің мүдделері жан-жақты қарастырыла отырып, ең бастысы барлық жұмыстар заң аясында іске асуы керек», - деп атап өтті ҚР Көлік ҚР Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әли Алтай.