Отандық асыл тұқымды құс шаруашылықтарын дамыту мәселесі сараланды - ҚР АШМ

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат - Отандық құс шаруашылықтарында асыл тұқымды репродукторларды құру мәселесі кеше ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңесінде талқыланды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Отандық асыл тұқымды құс шаруашылықтарын дамыту мәселесі сараланды - ҚР АШМ

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары С. Хасеновтің төрағалығымен құс шаруашылығы саласының қазіргі жағдайын және өзекті мәселелерді шешудің жолдарын талқылау бойынша өткен кеңесте ведомствоның салалық бөлімдерінің мамандары, республикадағы құс фабрикаларының басшылары және Қазақстанның құс өсірушілер одағының өкілдері қатысты.

Онда отандық құс шаруашылықтарын жергілікті асыл тұқымды материалдармен қамтамасыз ету үшін республиканың жетекші құс фабрикаларының базасында асыл тұқымды репродукторлар ұйымдастыруға, сондай-ақ, ішкі нарықта отандық құс шаруашылығы өнімдерін көбейтуге байланысты мәселелер қаралды.

Сындарлы пікір алмасу нәтижесінде, құс шаруашылығының дамуын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны қазіргі заманғы талаптарға сай етуге, құс фабрикаларын үздіксіз электр энергиясымен және азық базасымен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.