Отандық ауыл шаруашылығы саласының 20 пайызы банкроттық алдында тұр - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат // - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 26-сы, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кедендік Одаққа мүше мемлекеттердің Ішкі істер органдары ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне, заңсыз көші-қонға қарсы күресті бірлесіп жүргізудің жолдарын талқылауда. Олай етпеске
амал жоқ. Себебі Кеден Одағына мүше елдердің арасындағы жаңа экономикалық қарым-қатынастың орнауы, қылмыстық топтардың жоспарларына өзгеріс енгізуі де мүмкін екен. Беларусь Ішкі істер министрі «Кеден Одағы құқыққа қайшы әрекеттердің көбеюіне де мүмкіндік туғызуы мүмкін. Сондықтан құқық қорғау органдары үшін криминогендік ахуалды дұрыс болжау маңызды болмақ», дейді. Бұл мәселе жөнінде «Айқын апта» басылымының бүгінгі санындағы «Кеден Одағының құрылуы, қылмыстық топтардың жоспарына өзгеріс енгізуі мүмкін» атты мақалада.
Сондай-ақ аталмыш басылымға сұхбат берген Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың айтуынша, Қазақстан халқының 80 пайызы жаңалықтарды телевизия арқылы көріп, ақпарат алады. «Қазір «сандық телевизияға көшеміз» деген бастамалар көтеріліп жатыр. Ақпарат саласына техника жағын жақсы білетін азаматтың келгенін ескерсек, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады. Дегенмен телевизия саласында біршама түйткілді мәселелер бар. Мысалы, қазір Ресей телеарналарының еліміздің толықтай басып алмауын ойласақ, аймақтық телеарналар сақталып қалуы тиіс. Сонымен қатар Ресей аймағына хабар тарату үшін елімізде жақсы, сапалы спутниктік арналар болуы керек. Бұған қоса кабельді телевизия өкілдерінің алдына тіл мәселесін төтесінен қою керек. Елдегі телевизия, ақпарат тарату мәселесіне байланысты өзекті мәселелерден хабардар болғыңыз келсе, «Айқын аптаның» бүгінгі санындағы «Телевизияның дамуы заңға тіреліп тұр ма?» атты мақаланы қараңыз.
***
«Алаш айнасы» басылымының хабарлауынша, отандық ауыл шаруашылығы саласының 20 пайызы банкроттық алдында тұр.
Бұл -207 мың шаруа деген сөз. Бұған басты себеп - биылғы ауа райының қолайсыздығы. Сол себепті ақшаға қол жеткізе алмай отырған шаруалар несиелерін уақытында төлей алмай жатыр. Ал банк «олардың жылжитын және жылжымайтын барлық мүлкін тәркілейміз» деп мәлімдеуде. Осындай шарасыз күйге түскен шаруалар бүгіндері кімнен көмек сұрарын білмей дал. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Шаруаға табиғаттың қуаңдығынан банктің «жуандығы» ауыр тиіп тұр» атты мақаладан білесіздер.
Сондай -ақ осы басылым «Еліміздегі азық-түлік өндірісін халал стандарттарына түгелдей көшіру дұрыс бола ма?» деген тақырыппен осы мәселеге байланысты түрлі сала мамандарының пікірлерін жариялапты. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы жанындағы Ислам білімін жетілдіру институты филиалы директорының пікірінше, еліміз халал стандартына көшіп жатыр. Оның пайдасы еліміз үшін өте зор. Бұл - зерттелген мәселе. Сондықтан халал стандартына көшу талас тудырмауы тиіс мәселе. Оның үстіне халалды мұсылмандар ғана емес, батыс елдері де қолдап отыр. Ал Қазақстанның алкоголь өнімдерін өндірушілер қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің пікірінше, көпұлтты, көпдінді елде біржақты шешім қабылдауға болмайды. Сондықтан халалға көшу мәселесінде асықпаған жөн.
***
«Мектеп өзіміздің білім беру дәстүрлеріміз бен менталитетімізге негізделген консерватизм нышандарын ақиқат болмыс ағымынан туындап жатқан өзгерістерге ұштастыра білуі тиіс. Бұл қажетті құрал-жабдықтарды талап ететіні сөзсіз. Солардың ең маңыздысы -
оқулық. Оларды сапалық тұрғыдан жетілдіріп, оқу үдерісіне шығармашылықпен жетелеу мүмкіндігін кеңейте түсу мәселесі әңгіменің өзегі болуы тиіс. Бірақ оқулықтар, әсіресе олардың жаңа легі сын көтермейді», деді Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов педагог мамандардың дәстүрлі Тамыз кеңесінде. Елорда әкімі көтерген мәселелер төңірегінде «Астана ақшамы» басылымының бүгінгі санындағы «Балаларымызды болашақтың әлемінде тәрбиелеуге тиіспіз» атты мақалада.
***
«Нұр Астана» басылымының хабарлауынша, елімізде мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісінің тұжырымдамасы жасалды. Мемлекеттік органдарға қызметкерлер Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігінің мақұлдауынан соң ғана алынады. Яғни, агенттік лауазымға сәйкес келетін азаматтарды өзі таңдайды. Мемлекеттік органдар нақты бір тұлғаны сұратуға құқы жоқ. Бұл мәселе жөнінде басылымның бүгінгі санындағы «Мемлекеттік қызметкерді агенттік ұсынады» атты материалда.
***
«Кеше елордада өткен Энергетиктердің VI республикалық мәжілісінде тарифтік саясат пен бағаның қалыптасу мәселелері талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешовтың айтуынша, электрэнергетика саласы мемлекет экономикасының барлық салаларын қамтиды. Ал аталмыш саланың жағдайы үдетілген индустриалды-инновациялық бағдарламаның жүзеге асырылуымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда 5 жылдық бағдарлама талқылану үстінде. Ол қыркүйек айында үкіметтің назарына ұсынылады. Аталмыш мәселеге байланысты қазір «Атом энергиясын пайдалану туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізіліп, «Энергияүнемдеу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы жасалды», дейді Ә.Исекешов. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымындағы «Плюс гарантирован. Энергетики обсудили наболевшие проблемы» атты мақалада.
***
«Литер» басылымының хабарлауынша, құрғақшылықтың астық өндірушілер үшін қолайлы болып тұрған жайы бар. Себебі өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жоспарлаған 19 миллион тонна астық өндірілетін болса, оны сақтау мәселесі проблема тудыратын еді. Өйткені элеваторларда сыртқа шығаруға арналған астық әлі жатыр. Оның үстіне түрлі себептер бойынша сатылмай қалған 6 миллион тонна астық тағы бар. Сондықтан біздің биылғы жылғы астықты экспорттау әлеуетіміз 8-9 миллион тоннаны құрайды. Бұл жақсы көрсеткіш. Ал Ресейдің өз елінен астық экспорттауға тыйым салуы
өзге елдерге өнімдерін өткізуге қажетті жаңа нарыққа есік ашып, жаңа мүмкіндіктер жасайды. Бұл туралы «Литердің» бүгінгі санындағы «Спасительная засуха» атты мақалада.