Отандық бизнес озық халықаралық стандарттарды және басқарудың заманауи жүйелерін пайдалануға көшуі тиіс - Елбасы
АСТАНА. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Отандық бизнес озық халықаралық стандарттарды және басқарудың заманауи жүйелерін пайдалануға көшуі тиіс. Бүгін Астанада өткен ҚР Президентінің «Алтын сапа-2009» конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасының айтуынша, әрбір қазақстандық бизнес компания осы ережеге сай болуы тиіс. «Елімізде 2 мыңнан астам ұйымдар халықаралық стандарттарға негізделген менеджменттің заманауи жүйесін енгізді. Күні кеше ғана бұлардың саны жиырмадан сәл асатын. Енді міне 2 мыңнан асып отыр. Бас-аяғы бес жылдың ішінде мұндай кәсіпорындардың саны 10 еседен астамға өсті. Алайда, бұның өзі әлі ештеңе емес. Тағы 200-ден астам кәсіпорындар заманауи жүйені енгізу сатысында тұр. Бір жағынан көңілді марқайтатын бұл цифрлар Қазақстанда сапаны қамтамасыз ету мәселесіне бірінші кезекте назар аударыла бастағанының дәлелі. Былайша айтқанд, бізде бұдан басқа жол жоқ. Тиісінше, қазақстандық кәсіпорындар өздерінің жұмыстарының тиімділігін арттырып жатыр. Бәсекеге қабілеттіліктің әлемдік деңгейіне шығуда», деді Президент.
Н. Назарбаевтың айтуынша, бүгінде өнімнің сапасы бұл тек қана кез-келген ірі немесе шағын кәсіпорын қызметіндегі табыстың кілті ғана емес, сонымен бірге қандай да бір мемлекеттің экономикалық жүйесінің тиімділігінің кілті болып саналады. Сондықтан қазіргі таңда жоғары сапаға қол жеткізу жетекші елдердің экономикалық саясатының негізгі басымдықтары болып табылады.