Отандық бизнестің қарқынды дамуына ықпал ету үшін әкімшілік кедергілерді жою қажет ? Төтенше жағдайлар вице-министрі
АСТАНА. Сәуірдің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Төтенше жағдайлар саласының өкілдері Елбасының Жолдауында көтерілген мәселелер негізінде отандық бизнеске кері ықпалдың алдын алуға күш салуы қажет.
Бұл туралы бүгін Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров министрліктің алқа мәжілісінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет пен Төтенше жағдайлар мен өнеркәсіп қауіпсіздігінің басшылары әкімшілік кедергілерді қысқарту мен бизнес саласындағы жағдайды жетілдіру мақсатында нақты жұмыстар жүргізулері керек. Ол үшін қысқа мерзімде құқықтық қамтамасыз ету департаментінің өкілдерімен бірлесе отырып, рұқсат беру құжаттарының тең жарымын қысқарту қажет», деді вице-министр.Сонымен бірге Елбасы Жолдауында дағдарыс жағдайында бюджет шығынын жіті бақылауды тапсырғандығын ескерткен министрдің орынбасары, «төтенше жағдайлар саласының Экономика және қаржы департаментінің өкілдері министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен бірлесе отырып, әкімшілік шығындарды үнемдеу мақсатында нақты шаралар жүргізгендері дұрыс. Атап айтқанда, қызметтік көліктердің санын қысқартып, электр энергиясы мен өзге де коммуналдық шығындарды азайту қажет», деді В.Петров.