Отандық дәрі-дәрмектер шетелде сатыла ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде дәрі-дәрмектерді шығаратын 6 отандық компания өз өнімдерін шетелдерге шығарады. Алайда ол экспорттың көрсеткіші 3 пайыздан аспай отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық дәрі-дәрмектер шетелде сатыла ма

«Мәселен, біз соңғы екі жылдың ішінде дәрі-дәрмектерді шығаратын отандық компаниялардың нарығын зерделеп көрдік. 15 компанияның ішінде 6-уы өз өнімдерін экспортқа шығарып отыр. Дегенмен, олардың үлесі небәрі 3 пайызды құрайды. Осыны ескеру керек. Шынымен де, бұл - үлкен проблема. Отандық кәсіпорындар осы мәселені шешуге күш салуы қажет», - дейді «СК-Фармация» компаниясының басшысы Нұржан Әлібаев.

Оның айтуынша, 2018 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың дәрі-дәрмектер саласындағы ережелері күшіне енеді. Соған отандық кәсіпорындар дайын болуы шарт. «Бәсекеге қабілетті болған жөн. Ол үшін көрші мемлекеттерге шығып, сол жақтағы әріптестермен тығыз жұмыс жасау қажет. Әрине, өнімнің сапасын да жақсарту керек», - деп атап көрсетті Н.Әліпбаев.

Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында компания басшысы келесі жылға арналған дәрі-дәрмектердің 95 пайызы сатып алынды деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, келесі жылдың дәрі-дәрмектерін алдын ала сатып алудың арқасында 11,7 млрд. теңге үнемделді. Келесі жылдан бастап АИТВ-ға шалдыққандарды тегін емдеу көлемі екі есеге артады.