Отандық дәрі-дәрмектердің ішкі нарыққа шығуы жеңілдейді- Атамқұлов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық фармацевтика кәсіпорындарына қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл шаралар фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында көрсетілген. Бес жылдық кешенді жоспар 62 шара мен 8 бөлімнен құралған.
«Фармацевтикалық қызметті заңнамалық реттеу аясында отандық өндірушілер мен шетелдік инвесторлар үшін фармацевтикалық өнімдерінің ішкі нарыққа шығуын оңайлату қарастырылған. Сатып алудағы жергілікті өнім үлесін ұлғайту және сатып алу мерзімін қысқарту көзделеді. Мысалы шет елдердің тәжірибесіне қарасақ, дәрілік заттар айналысын бөлек реттеу мен медициналық бұйымдар айналысына қойылатын түрлі талаптарға байланысты нарыққа тез шығуын қамтамасыз етеді», - дейді министр бүгінгі Үкімет отырысында.
Сонымен бірге, келісімшартта өндіріс тетігі пысықталған. Ол отандық тауар өндірушілер базасында әлемдік және отандық фармацевтикалық өндірушілердің бірлескен өндірісін жеңілдетеді. Барлық жергілікті атқарушы органдар үшін жергілікті қамту бойынша KPI бекітілмек.
«Фармацевтикалық өнімдердің бағаларын тіркеу мемлекеттік қызмет көрсету форматына ауыстырылады. Бұл шаралардың барлығы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске және өзге де нормативтік актілерге өзгерістер енгізу арқылы іске асырылады», - дейді Б. Атамқұлов.
Айта кетейік, жыл басынан бері отандық кәсіпорындар фармацевтика өндірісін 34,1% немесе 81,5 млрд теңгеге арттырды. Инвестиция 5,2% артып, 4,1 млрд теңгені құрады.
Осыған дейін отандық кәсіпорындардың дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 75% өндіретінін жаздық.