«Отандық ғылым өзін ғана асырап отыр ма?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 28 мамыр, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Жұма күні Алматыда «Ғылымның дамуы - еліміздің болашағы» атты форум өз жұмысын бастады. Бұл басқосу Елбасының ғылым саласы бойынша берген тапсырмаларын орындау жөніндегі еліміздегі ғылыми ұйымдар мен жоғары білім беретін мекемелердің міндеттеріне арналды. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Отандық ғылым өзін ғана асырап отыр ма?» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, 200-ден астам ғылым өкілдері қатысқан форумда алдымен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйледі. Форум барысында зерттеу университеті санатын енгізу маңызды кезең екені айтылып, сонымен қатар конкурстық негізде 10 инновациялық бағдарланған жоғары оқу орны іріктелетіні мәлім болды.
Осы басылымның жазуынша, кеше Сыртқы істер министрлігінде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы барысында ведомство басшысы Ержан Қазыханов Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі бағыттарының жүзеге асырылуы жайында баяндама жасады. Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы депутаттарды еліміздің 20 жылдық тәуелсіздігімен қатарласа келе жатқан сыртқы саясаттағы қол жеткізілген жетістіктер және қорытындылармен таныстыра отырып, еліміздің ЕҚЫҰ-дағы өткен сәтті төрағалығы мен Ұйымның Астана саммитінің жемісті өткеніне, сондай-ақ Қазақстанның ШЫҰ-ға қазіргі төрағалығы мен алдағы ИКҰ-ға төрағалығына жан-жақты тоқталды.
Таразда тағы бала сатылды. Бұл биылдыққа тіркелген үшінші оқиға. Ағымдағы жылдың 17 наурыз күні қала іргесіндегі Жамбыл ауданына орналасқан «Сенім» жекеменшік перзентханасында туылғанына бірнеше күн болған сәбиді сату кезінде «Үміт» бабалар үйінің басшылары ұсталған болатын. «Ал жуырда ОІІД-інің қызметкерлері «Стоп-трафик» жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде облыс орталығындағы бір перзентханада акушердің сәбиді сату қылмысын әшкереледі. Күдіктіден бүгінгі күні қаладан шықпау жөнінде қолхат алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. Жоғарыдағы оқиғадан бөлек үш айлық нәрестені «Сенім» медициналық мекемесінде сату оқиғасы ағымдағы жылдың 15 наурыз күні орын алды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Бір-біріне сілтеп отыр» деген мақаласында.
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасын алда тағы бір үлкен сынақ күтіп тұр. Нақтылап айтсақ, 26 маусым мен 7 шілде аралығында Малайзияның Пенанг қаласында 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Оған барлық құрлықтың белді командалары толықтай қатысады. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, командалық бас жүлде үшін негізгі тартыс Қытай мен Ресей зілтеміршілері арасында өтеді. Дүбірлі дода арқау болған мақала «Айқын» газетінің сенбілік санында «Малайзияда мерейіміз үстем болсын!» деген тақырыппен берілген.
***
Кеше Астанада Қазақстан-Италия үкіметаралық өнеркәсіп және экономикалық ынтымақтастық тобының отырысында қос тарап екіжақты әріптестіктің өзекті мәселелері бойынша консультациялар өткізіп, бірқатар келісім жасалды. Аталған жайт арқау болған мақала «Алаш айнасы» газетінде «Италия үкіметі Қазақ елінің ДСҰ-ға өтуіне мүдделі» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуынша, өткен жылы екіжақты тауар айналымы 11,2 млрд. АҚШ долларына жеткен. Бұл - еліміздің жалпы сыртқы сауда айналымының 12,5 пайызына тең көрсеткіш. Италия сонымен қатар Қазақстанда шығарылатын шикізат түрлерінің тұрақты тұтынушысына айналып үлгерген.
Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Рамазан Стамғазиевпен арадағы сұхбат «Затаевич, Брусиловскийлер домбыраның мүмкіндігін таза сезінбеген секілді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Жазушы, қаламгер Тұрсынжан Шапайдың «Ауыз бен құлақ» деген әңгімесінде бүкіл ауыз жиналып, айқайды салады. Біреуі: «Біз неге айқайлап жатырмыз? Осының құлаққа айтайық!», - деп шешеді. Барлығы жабылып құлаққа айғайласа, ол естімейді. Үңіліп қараса, құлақтың тесігі жоқ екен. «Естімейтін құлақ болды ғой» деп тістеп көрсе, жаңағы құлақ өлі құлақ екен. Сол сияқты біз айғайлағанмен еститін құлақ жоқ. Құлақ болғанымен тесігі жоқ. Тесігі болғанымен, құлақтардың өлі болып тұрған заманы», - дейді.
***
«Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапонияның еліміздегі Төтенше елшісі Юдзо Хараданы қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Мәжіліс Төрағасы мейманның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінің басталуымен құттықтап, екі ел арасындағы игілікті ісіне табыс тіледі. Қазақстанның Жапониямен арадағы байланыстың дамуына айрықша мән беретінін, Жапония Қазақстанның Қиыр Шығыс аймағындағы саяси және экономикалық сенімді әріптесі саналатындығын айтты.