Отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірленуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірленуде. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру жөнінде баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірленуде

«Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерімен бірлесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру үшін нақты істер атқарылуда. Облыстарда азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру жүргізіледі. 2018 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорларындағы тауарлық интервенциялар жүргізуге арналған қор 4,5 мың тоннаны, алмастыруға берілгендер және жауапты сақтауға берілгендер 3,8 мың тоннаны құрады. Қолда бар 4,5 мың тоннаның 2,16 мың тоннасы қант, 0,71 мың тоннасы күнбағыс майы, 0,67 мың тоннасы  1 сұрыптағы бидай ұны, 0,577 мың тоннасы- қарақұмық жармасы және 0,354 мың тоннасы  макарон өнімдері», - деді Арман Евниев.

Сонымен қатар вице-миинстрдің дерегінше, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың есеп-шоттарында 5,1 млрд теңге қаражат бар. Қаражаттардың ең көп мөлшері Астана қаласында - 1 553 млн теңге, Түркістан облысында - 727 млн теңге, Алматы қаласында - 363 млн теңге, Қостанай облысында - 373 млн теңге және Жамбыл облысында 390 млн теңгені құрайды.

«Қант төңірегіндегі қалыптасқан жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігімен қолда бар қаражаттарды өңірлерге 10 мың тоннаға дейін қант сатып алуға жұмсау ұсынылады. Сонымен қатар министрлік қант бағасын тұрақтандырудың жүйелік шарасы ретінде отандық қант өндірісін дамыту бойынша салалық бағдарлама әзірлеуде. Онда егістік алаңдарын кеңейту, қант қызылшасының тұқымын дамыту және шығымын көбейту, қант қызылшасын өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жәрдемдесу және отандық қызылша шикізатынан қант өндіру зауыттарын салуды ынталандыру сияқты шаралар көзделеді», - деді ол.