Отандық кәсіпорындар мектеп формасы өндірісін қолға алды

«Жаңа жылдан бастап, еліміздегі оқу орындарын мектеп формасымен қамтамасыз ету үшін кәсіпорындар жұмысын арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұрындары мектеп формасын шығарумен бірнеше кәсіпорын ғана айналысатын, мектептер мен ата-аналар комитеті Түркия, Қырғызстан, Қытайда өндірілген мектеп формаларын сатып алатын. Енді отандық өндірушілер сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға дайын», - деді «Атамекен» ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаментінің директоры Арман Мәмбетаев жеңіл өнеркәсіп саласындағы нәтижелерге арналған дөңгелек үстелде.
Оның айтуынша, аталған жұмыс 2017 жылы басталып кеткен.
«Бұл жұмыс 2017 жылы басталды, отандық өндірушілер өнімі 1,5 млрд теңгеге сатылды. Бірақ, бұл жұмысты жоспарлы түрде жүргізу қажет, сондықтан жыл басынан бастап, облыстық жергілікті атқару органдарымен, мектептермен, аудандық әкімдіктермен және білім беру басқармаларымен бірлесе жұмыс істейміз», - деп атап өтті Мәмбетаев.