Отандық киім өнімдері қытай нарығына шығарыла бастады
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстанда тігілген заманауи ұлттық үлгідегі киім өнімдері қытай нарығына шығарыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ханша» компаниясының директоры Ерікбай Дидардың айтуынша, қытайлық тұтынушылар қазақстандық дизайнерлердің әйелдерге арналған заманауи үлгідегі көйлектеріне қызығушылық танытып отыр.
«Біздің өнімдер бұл күнде Қытайдың Үрімжі қаласында ірі сауда орталықтары және шетелдік киімдерді сатумен айналысатын компаниялар арқылы қытай нарығында сатыла бастады. Біздің білуімізше киімдердің тігілу сапасы және тек бізге ғана тән стилдегі дизайны қытайлық тұтынушыларды өзіне баурап алған» -, деді Дидар.
Компания басшысының айтуынша, Қытай және Моңғолиядағы сұраныстың көп болуына байланысты ұлттық өнімдер әлі Қазақстан нарығына шығарылмаған.
«Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы аясында, отандық киім өндірісін дамытуды және шетелге шығаруды мақсат етіп отырмыз. Күні кеше ғана «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының қолдауында Астанадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында көйлектердің көрсетілімін өткіздік. Отандастарымыздың отандық киімдерге ықыласы жоғары болды» -, дейді Ерікбай Дидар.
