Отандық кітап басу секторы тоқырау жағдайында тұр - Т. Өмірзақов

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Тұрсынбек Өмірзақов отандық кітап индустриясының мәселесін көтеріп, Мәдениет және ақпарат министрінің атына сауал жолдады.
None
None

«Отандық кітап индустриясындағы аса маңызды мәселе - Қазақстанның кітап нарығының шетелдік нарыққа толығымен тәуелді болуы. Ел нарығындағы 80 пайызға дейінгі әдебиетті ресейлік өнімдер құрап отыр. Отандық кітап басу секторы тоқырау жағдайында тұр. Қазақстанның кітап палатасының мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі жұмыс істеп тұрған 360 кітап баспасы жылына 5 мың кітап қана басып шығарады. Жалпы таралымы 16 мың дананың маңында ғана. Сонда да бұның айтарлықтай бөлігін, яғни 35 пайыздан астамын оқулықтар, 20 пайызын ғылыми баспалар, 13 пайызын көркем әдебиет құрап отыр», - дейді депутат Т. Өмірзақов.

Оның айтуынша, қазақстандық нарық бүгінгі таңда тек ресейден импортталмайтын өнімдерді ғана шығарумен шектеліп келеді. Бұл ретте депутат қағаз бағасының қымбат болуы мен оның шетелден импортталуы қазақстандық баспа өнімінің өзіндік құнын әлдеқайда қымбаттатып тұрғанын айтады. Мәселен, қазіргі таңда шетелден әкелінетін қағаз бен картонға кедендік баж шамамен 15 пайызды құрайды екен. Сонымен бір мезгілде, дайын баспа өнімдерінің импортына кедендік баж «0» теңгені құрайды. Мұндай фактор заманауи қазақстандық әдебиетке барынша әсер етіп отыр.

«Кітап ісіне жеткілікті назар болмауы жақын келешектегі жағымсыз салдарға ұласуы әбден мүмкін. Оның ішінде шетелдік баспа қазақстандық өнімдерді нарықтан толығымен ығыстырып шығару қаупін де туғызып отыр. Кеден одағы аясындағы дамуда бұл проблема онан сайын өршіп барады. Керісінше, ресейлік баспа компаниялары үшін қазақстандық нарықта ешқандай бәсеке жоқ. Сондықтан да, отандық кітап саласына, оның ішінде кітап басу ісіне толық сараптама жасалса. Сонымен қатар, отандық кітап басу ісіне мемлекеттік саясатты ынталандыратын тетіктерді заңнамалық деңгейде қабылдасақ игі», - деді Т. Өмірзақов.

Соңғы жаңалықтар