«Отандық медицина отаның жаңа түріне дайын» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Торқалы той алдындағы толайым табыс» атты мақала жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына сапары барысы туралы баяндалады. Басылымның жазуынша, отандық индустрияның қара шаңырағы әрі қажымас қара нары саналатын аймақта атқарылудағы жұмыстар құлашы жылдан-жылға кең. Соған дәйекті дерек ретінде 10 айдың көрсеткіші бойынша өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 1 трилллион теңгеден асқанын атауға болады.
Сондай-ақ осы басылымның хабарлауынша, кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен комиссияның отырысы өтті. Отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттары депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқандарын ұйымдастыруға қатысты бірқатар маңызды қаулылар қабылданды. Осы құжаттардың мақсат-міндеттері жөнінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Бірқатар маңызды құжаттар қабылданды» атты мақаладан білуге болады.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, дағдарыстыңдаурықпа хабары алыстан естіле бастағалы, халық тағы да үрпиісе бастады. «Ертеңгі күн не болар?» деген сарыуайым желкеден тағы басып тұр. Осы орайда Қазақстан психологтар қауымдастығы халық дертке шалдықпас үшін, дағдарыстың алдында психологиялық та дайындық керек екенін ескертуде. Әйтпесе бастан өткен бірінші дағдарыс кезінде халық арасында психологиялық апатия, депрессия, невроз сынды соматикалық ауытқулар жиі байқалыпты. Ендеше отандық мамандар бұл мәселені қалай шешпек?. Бұл сауалдың жауабын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Дағдарыс дертке шалдықтырып жүрмесін» атты мақаладан іздеңіз.
***
«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, Қытайда кәдімгі бауырды дәрі ретінде пайдаланған деседі аңыздарда. Ал тарихшылардың зерттеулеріне қарағанда, бұл аңыз емес, ақиқат. Жер қойнына енген адамның бауырын тәнінен ажыратып алып, онымен тасжүрек, қатыгез жандардың мінезін жөнге салғандары, кім біледі, рас та шығар... Міне, бауырдың қасиеті қандай! Адамның сана - сезіміне таным-түйсігіне қалай әсер етсе, бауыр адам ағзасы үшін де соншалықты маңызды. Сондай-ақ бауыр өте нәзік. Ол - адам ағзасының химиялық зертханасы іспетті. Ал бұны медицинада қалай пайалануға болады. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Отандық медицина отаның жаңа түріне дайын» атты мақаладан білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Астана мен Алматыда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қалалық филиалдарының Саяси кеңестерінің кеңейтілген мәжілістері өтті. Онда партияның «Қазақстан. Мақсаттар - 2017. Ұлттық іс-қимыл жоспары» мақұлданып, саяси бірлестіктің алдағы уақытта өтетін XIV кезектен съезіне қатысатын делегаттар анықталды. Кеңейтілген мәжілісте көтерілген осы және өзге де мәселелер жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бетіндегі «Национальный план одобрен» атты мақаладан білесіздер.