Отандық МӨЗ-дер жетілдірілген соң Қазақстан «Еуро-4», «Еуро-5» сапалы авиажанармаймен қамтамасыз етіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылға жоспарланған отандық үш мұнай өңдеу зауыты заманауи талаптарға сай жетілдірілгеннен кейін, Қазақстан нарығы «Еуро-4», «Еуро-5» сапасындағы отандық авиациялық жанармаймен қамтамасыз етілетін болады. Бұл туралы бүгін «Қазақстандағы авиажанармай» атты дөңгелек үстел отырысында ҚР Энергетика министрлігі Мұнай өндірісін дамыту департаментінің директоры Қуандық Құлмырзин айтты.
«Еліміздің Шымкент, Атырау және Павлодар қалаларында орналасқан үш мұнай өңдеу зауытында жетілдіру және заманауи қуаттылыққа шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондықтан біз жақын болашақта отандық авиажанармай тұтынушыларын «Еуро-4», «Еуро-5» сапалы отандық авиажанармаймен қамтамасыз ете алатын деңгейге жетеміз деген үміттеміз» - деді ол.
Директордың айтуынша, Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін, соның ішінде авиациялық жанармайды жеткізу жоспарын бекітуде. «Бұл тізім ҚР Инвестициялар және даму министрлігі (ИДМ) Азаматтық авиация комитетінің берген мәліметтері бойынша әуежайлар мен әуекомпаниялардың тұтыну көлемін есепке ала отырып жасалады. Бүгінде график бекітіліп, Азаматтық авиация комитетіне, әуежайлар мен авиакомпанияларға жіберілген», - деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, Азаматтық авиация комитетінің деректері бойынша, Қазақстандағы әуежайлардың авиакеросинді қолдануы жылына 600 мың тоннаны құрайды. Бұл көлемнің көп бөлігін Эйр-Астана және «Скат» сияқты ірі компаниялар пайдаланады. Сондай-ақ, комитет мәліметтері бойынша, жыл сайын авиажанармайды тұтыну жыл сайын шамамен 10 пайызға артып келеді.
Бүгінде Қазақстанда 21 әуежай жұмыс істеп тұр. Олардың 11-і ИКАО стандарттарына толықтай жауап береді.
Айта кетейік, бүгінгі шараны Халықаралық Әуе Транспорты қауымдастығы (IATA) мен «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлікшілер одағы ұйымдастырып отыр.