Отандық мұнай өңдеу зауыттары жаңартылған кезде жылына 18,5 миллион тонна мұнай өңделетін болады- Әсет Мағауов
АЛМАТЫ. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Отандық мұнай өңдеу зауыттары жаңартылған кезде жылына 18,5 миллион тонна мұнай өңделетін болады.
Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан "6-шы Халықаралық мұнай өңдеу, мұнай химиясы және мұнай өнімдерінің «КazRefinEx-2011» симпозиумында Мұнай және газ вице-министрі Әсет Мағауов айтты.
«Бұрын біз Еуро-1, Еуро-2, Еуро-3, Еуро-4 стандарттары деп атайтынбыз. Қазір олар қазақстандық стандартпен К1, К2, К3, К4 деп аталады. Былтыр елімізде 13,7 миллион тонна мұнай өңделді. Қайта жаңартудан кейін өндірістік қуат Атырау мұнай өңдеу зауытында 5 млн тонна, Шымкент мұнай өңдеу зауытында - 6 млн тонна, Павлодар мұнай өңдеу зауытында 7,5 млн тоннаны құрайтын болады», - дейді Ә. Мағауов.
Оның айтуынша, отандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту 2016 жылға дейін созылады. Содан кейін олар жылына 18,5 млн тонна мұнай өңдейтін болады. Ал былтыр Қазақстанда 13,7 миллион тонна мұнай өңделген.