16:40, 21 Сәуір 2011 | GMT +5
Отандық мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғаннан кейін елдің ішкі сұранысы 100 пайызға қамтамасыз етілмек - министр С.Мыңбаев
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Руслан Ғапбасов/ - Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың нәтижесінде елдің ішкі сұранысы 100 пайызға қамтамасыз етілмек.
Бүгін «Bnews» порталында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осылай айтты.
Министр атап көрсеткендей, бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңарту бойынша тиісті жұмыстар басталды. Шымкент мұнай өңдеу зауытында да бұл іс-шараларды қытайлық инвесторлармен бірлесіп атқару жоспарланып отыр. «Қазіргі кезде тек Павлодардағы мұнай өңдеу зауыты бойынша ғана шешілмей жатқан түйткілді мәселелер бар. Бұл мәселелер үнемі талқыланып келеді. Жалпы, мен ойлаймын, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың нәтижесінде елдің ішкі сұранысы 100 пайызға қамтамасыз етілмек», - деп атап көрсетті С.Мыңбаев.
Айта кетейік, еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыттарын жаңартуға 4 млрд. АҚШ доллары бөлініп отыр.