Отандық нарықтағы микроқаржылық қызметтің дамуында оң бетбұрыс бар - Халықаралық микроқаржылық конференция
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шарада сөз алған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, «бәсекеге қабілетті микроқаржылық нарықты құру және микронесиелеу ұйымдарының қызметіне инновациялық шешімдерді енгізу сиқты міндеттер тұрғандығын» ерекше атап өтті. «Бүгінгі конференция біздің мемлекеттеріміздегі микронесиелеу жүйесінің дамуына өз әсерін тигізеді деп сенемін», деп атап көрсетті ол.
Мамандардың сөзіне құлақ түрсек, «Қазақстанда қазіргі уақытта 1700 микронесиелеу ұйымдары тіркелген. 2008 жылы 170 мыңға тарта несиелер берілсе, 2009 жылы 250 млн. астам қаржыға 190 мың несие ұсынған», дейді вице-министр.
Қазақстанның микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының атқарушы директоры Анатолий Глуховтың айтуынша, бұндай оң үдерістердің байқалуын экономикадағы жағымды жағдайдың қалыптасуымен және Үкіметтің микроқаржылық ұйымдарға көрсетіп отырған көмегімен түсіндіруге болады.
«Аталмыш шара отандық нарықтағы микронесиелеу ұйымдарының шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуына және әлеуетті инвесторлар мен донорлармен кездесуіне мүмкіндік бермек. Жиын банктік емес қаржылық қызметтердің дамуына оң бетбұрыс әкеледі дегенге толық сенімдімін», деді А. Глухов.
Микроқаржылық орталықтың дәстүрлі жиынына биыл әлемнің 50 шақты елінен 400-ден астам микрокредиттік ұйымдардың өкілдері, инвесторлар мен сарапшылар келіп қатысуда.
Үш күнге созылатын конференция Қазақстан Үкіметі атынан Экономикалық даму және сауда министрлігінің қолдауымен өткізілуде. Сонымен қатар ол Қазақстанның «Еуропаға жол» үкіметтік бағдарламасының жоспарында бекітілген.