Отандық оқу орындарының алдында жастарды жан-жақты, жоғары біліммен қамту міндеті тұр -Б.Қайыпова
деді бүгін Тұңғыш Президент мұражайында Қазақ экономика университетінің ректоратымен болған кездесу барысында журналистерге сұхбат берген мұражай директорының орынбасары Ботакөз Қайыпова.
«Бәсекеге қабілетті ел құруда мемлекеттің саясаты озат ұлт, білімді жас тәрбиелеуге бағытталатыны анық. Ғасырымыз білім беру дәуірі, инновация дәуірі деп аталатындықтан, өскелең ұрпақты әртүрлі білім беру жобаларына қатыстырып отыру маңызды. Әрине, 1993 жылдан бері қазақ жастарының үздік шетелдік университеттерде білім алуға мүмкіндік туғызған «Болашақ» бағдарламасы осы бағытта үлкен тірек болды. Алайда бүгінгі таңда жастарды жан-жақты біліммен қамту міндеті отандық оқу орындарының алдына қойылды», - дейді Б.Қайыпова.
«Отандық жоғары оқу орындары халықараллық аттестациялардан өтіп, елімізде «Назарбаев Университеті», зияткерлік мектептер ашылды. Бұлардың барлығы түлектеріміздің дипломдары әлемдік білім беру орталықтарының дипломдарымен бәсекелесе алатын дәрежеге жетуі үшін қолға алынып жатыр. Ол бір күнде бола қоймайды және бұл мақсатты шындыққа айналдыру үшін белгілі бір уақыт қажет. Алайда талпыныс болмаса міндет ешқашан орындалмайтыны анық. Сондықтан да бүгінгі кездесу елордадағы ЖОО-дың кеңістік үлігісін насихаттау аясындағы Тұңғыш Президент мұражайының алға қойған іс-шараларының бірі ғана болып табылады», - дейді ол.
Оның айтуынша, Тұңғыш Президент мұражайы алдағы уақытта Астанадағы көшбасшы оқу орындары - Л.Г.Гумилев атындағы ЕҰУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық универсиеті мен Медициналық академия ұжымымен келісіп, оқушылар үшін осындай кездесулер өткізеді.
«Менің ойымша, бұл кездесулер ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында өтуі ерекше. Себебі бұл Елбасының Астанадағы алғашқы резиденциясы және мұнда еліміздің егемендік жылдарының көрінісі бола алатын топтама залдары бар», - дейді Б. Қайыпова.
Мұражайдың білім беру қызметі Мемлекет басшысының «Зияткерлік ұлт-2020» жобасын басшылыққа ала отырып, интеллектуалды элитаны қалыптастыру арқылы Қазақстанды бәсекеге қабілетті адамдық капиталы бар мемлекетке айналдыруды мақсат тұтады.