Отандық өндірістің жаңа жарықдиодты шамшырағы электр қуатын 18 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді
АСТАНА. 27 қараша. ҚазАқпарат - Астанада «Астана Innovations» АҚ-ның офистік, жарықдиодты, электр қуатын үнемдегіш шамдары жобасының тұсаукесері өтеді.
Елорданың ресми сайтының мәліметінше, кеңселік жаңа шырағданның маңызды басымдығы оның нарықтағы белгілі баламаларымен салыстырғанда тұтынатын электр қуатын 10-18 %-ға дейін үнемдеп, жарықты 9-25 % артық беретіндігінде. Әрі жарық түсіру ауқымы оларға қарағанда 10-25 градусқа көбірек болып табылады.
Мұндай тиімділікке ұсақ жарықдиодтары мен бірегей жарық шағылыстырғыш акрилді әйнектерді пайдаланудың арқасында қол жеткізіліп отыр, - деп мәлімдейді жобаны әзірлеушілер.
Жобаны әзірлеушілердің айтуынша, мұндай шырағдан механикалық соққыларға шыдамды, пайдалануға қолайлы, өйткені, жеңіл және құрылымы қарапайым. Сонымен қатар ол жай шырағдандарға қарағанда - 5 жылға дейін үздіксіз пайдалануға жарамды.
Еске салайық, «Астана Innovations» компаниясы осыдан бірнеше ай бұрын елорда көшелерін осындай жарықдиодты, қуат үнемдегіш шамдармен жабдықтау жөніндегі жобаны іске қосты.