Отандық өндірушілерді қаржыландыру бойынша жоспарды бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысына өзгерістер енгізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Осы мақсатта Қазақстанда қазіргі таңда мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілер мен экспорттаушыларды қолдауға баса көңіл бөлінуде. Олар үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастыру, қаржылай қолдау көрсету, несиелендіру т.с.с. ел үкіметі жүзеге асырып жатқан саясаттың бір бағытына айналды. Яғни, отандық өнімді, отандық тауар өндірушілерді қолдау арқылы ғана біз елімізді көркейтіп, өркениеттің шыңына шыға аламыз.
Басты мақсаты - Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық өсуін қамтамасыз ету болып табылатын «Нұрлы Жол» бағдарламасының екінші бағытында 2015 жылға арналған дағдарысқа қарсы жаңа iс-шараларды қамтылған еді. Бұл жоспар отандық машина жасау саласын және экспортты, сондай-ақ агроөнеркәсiп кешенiн қосымша қолдауға арналған. Бағдарламаны жүзеге асыруға Ұлттық 2015 жылы - 796 млрд. теңге, 2016 жылы - 379 млрд. теңге бөлінсе, 2017 жылға 3 млрд. АҚШ долларына тең көлемде қаражат бағыттау жоспарлануда.
Бұл тұрғыда, отандық автоөндірушілерді қолдау тетіктеріне егжей-тегжейлі тоқталсақ. Инвестициялар және даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, Үкімет және «Бәйтерек ҰБХ» АҚ-тың бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес отандық автоөндірушілерді қолдау автонесиелендіру және лизингтік қаржыландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Оның біріншісі - автонесиелендіру тетігі бойынша болса, екіншісі - лизингтік қаржыландыру тетігі аясында жүзеге асырылуда. Осы орайда, ҚР Үкіметі тарапынан енгізілген отандық автоөндірушілерді мемлекеттік қолдау тетігі ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі №271 қаулысына өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №599
2016 жылғы 21 қазан, Астана, Үкімет Үйі
«Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі №271 қаулысына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 271 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 23, 142-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің отандық өндірушілер мен экспорттаушыларды қаржыландыруды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарында:
«Қаржыландыру тетіктері мен шарттары» деген бөлімде:
«1. Отандық автоөндірушілерді қолдау» деген тарауда:
«Отандық өндірістің автомобильдерін деген сатып алушыларды - түпкілікті қарыз алушыларды қаржыландыру шарттары» деген кіші бөлімде:
2-тармақта:
1) және 2) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«1) жеңіл автокөліктің 1 бірлігінің құны 15 000 000 теңгеден аспайды;
2) кредит беру мерзімі - 7 жылдан аспайды;»;
5) тармақша алып тасталсын;
«ЕДБ арқылы отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде негізделген қаржыландыру қаражатын мониторингтеу» деген кіші бөлімде:
2-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«КДБ» АҚ ЕДБ ұсынған деректердің мынадай шарттарға сәйкес келуі тұрғысынан тексереді: автомобильдің 1 (бір) бірлігінің ең жоғары құны, сыйақы мөлшерлемесі, кредит беру мерзімі және ескертулер болмаған жағдайда, ҚР ҰБ-ға тиісті хат жібереді.»;
«4. Отандық экспорттаушыларды қолдау» деген тарауда:
«Отандық экспорттаушыларды қолдау шеңберінде тікелей кредит беру, негізделген және лизингтік қаржыландыру» деген кіші бөлімде:
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) номиналды сыйақы мөлшерлемесі - «ҚДБ» АҚ ішкі құжаттарына сәйкес есептелген, бірақ жылдық 12,5%-дан аспайды;».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.САҒЫНТАЕВ