Отандық өнердің болашағы Қазақстанның дарынды да талапты жастарының қолында - Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетов

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында «Шабыт» XVI Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

Отандық өнердің болашағы Қазақстанның дарынды да талапты жастарының қолында - Астана қаласының әкімі И. Тасмағамбетов

«Өнердің жолы ерекше, ол тынбай еңбек ету ді, мақсатшыл болуды және туа біткен табиғи талантты талап етеді. Отандық өнердің болашағы Қазақстанның дарынды да талапты жастарының қолында. Бүгінгі фестиваль Астанада 1997 жылдан бері өткізіліп келеді және жыл сайын өнердің түрлі салаларында жас таланттардың жаңа есімдерін ашып келеді. «Шабыт» еліміз үшін талай жаңа есімдерді сыйлады, сондықтан да шығар, олардың шығармашылық жолындағы жаңа кезеңнің басы Астанамен тығыз байланысты», - делінген Астана қаласы мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов оқып берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің фестиваль қатысушылары мен қонақтарына арналған құттықтау сөзінде.

Естеріңізге сала кетейік, фестиваль 3 - 8 қараша аралығында өтеді.

XVI Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша байқауға қатысушылар «Классикалық музыка» номинациясы (Ағаштан жасалған үрмелі аспаптар, мыстан жасалған үрмелі аспаптар, соқпалы аспаптар, баян-аккордеон), «Бейнелеу өнері» номинациясы (Мүсін өнері, сәндік-қолданбалы өнер), «Халық музыкасы» номинациясы (Халықтық аспаптар ансамблі), «Эстрадалық вокал» номинациясы, «Үздік әдеби шығарма» номинациясы (Проза), «Хореография» номинациясы (Халық биі) бойынша сынға түседі.

Фестивальдің бас жүлдесі - Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы. Сондай-ақ Гран-при, «Лауреат» атағына 1, 2, 3 сыйлық, «Шабыт» медалі және шығармашыл ұжым үстеліне қоятын «Шабыт» медалі, атаулы дипломдар мен Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлерінің сыйлықтары, «Дипломант» атағын беру дипломдары, фестивальға белсенді қатысқаны үшін грамоталар, жеке номинациялар бойынша арнайы дипломдар мен сыйлықтар беріледі.

Фестиваль жеңімпаздарды марапаттаумен және лауреаттардың Гала-концертімен аяқталады.