Отандық өнімді кеңінен таныту бағытында насихаттау шараларын жүргізу керек - Ә. Исекешев
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметте Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыруға арнаған селекторлық кеңесте ҚР Үкімет басшысының орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев көбісі елімізде өндіріс көлемі елеулі деңгейге жеткенін білмейтіндігін айтты.
«Жобалардың бастамашыларына, әсіресе, өңірлік билік, ұлттық холдингтер отандық өнімдерді танытып, түсіндіру бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соңғы үш жылда өте көп өнім пайда болды және бұл жайында аз айтылып жүр. Ірі кәсіпорындар іске қосылып, біз автокөліктер, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмекті, азық-түлік, вагондар, сондай-ақ басқа да маңызды тауарларды шығарамыз. Осы орайда отандық өнімді кеңінен танытып, осы бағытта түсіндіру шараларын жүргізу керек», - деді министр. Осы орайда Ә. Исекешев елімізде түрлі автокөліктердің 50 моделі құрастырылатынын, отандық құрылыс материалдарын өндіру деңгейі 65 пайызға жеткендігін, сонымен қатар фармацевтикалық дәрілер бойынша көрсеткіш 30 пайызға жеткендігін көбісі білмейтіндігін сөз етті.