Отандық «Рывок» фильмі VIII Халықаралық «Атлант» спорттық фильмдер фестивалінде жүлдеге ие болды

АЛМАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-да түсірілген режиссер Қағанат Мұстафиннің «Рывок» фильмі VIII Халықаралық «Атлант» спорттық фильмдер фестивалінде «Спорт жөніндегі ең үздік фильмдер» аталымы бойынша үшінші орынға ие болды.

Отандық «Рывок» фильмі  VIII Халықаралық «Атлант» спорттық фильмдер фестивалінде жүлдеге ие болды

Естеріңізге сала кетсек, аталған фильм 27-30 қыркүйек аралығында Ресейдің Липецк қаласында өткен фестивальдің байқау бағдарламасына қатысқан еді. Сонымен бірінші орын сербтердің «Монтевидео» фильміне бұйырса, екінші орынға «Мужская и женская игра» атты ресейлік өнім ие болған.

«Маған фестивальдің ұйымдастырушылық жағы өте қатты ұнады. Ал «Рывок» фильмін көрермендер жылы қабылдады», -дейді жеке марапатқа ие болған режиссер Қ.Мұстафин.

Сонымен қатар ол барлық көрсетілім кезінде зал халыққа лық толы болғандығын және әлемнің әр түкпірінен қонақтар келгендігін жеткізді.

«Атлант» - дүние жүзі бойынша Миландық спорттық фильмдер фестивалінен кейінгі орында. Бірақ осы жолы одан басым түсті деуге болады. Өйткені 27 елден 101 тапсырыс түскен. Сонымен қатар түрлі жанрдағы фильмдер ұсынылды», -деп атап өтті режиссер.