«Отандық тауар өндірушілерге арналған тұжырымдама» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. / ҚазАқпарат/ Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қыркүйектің 30-ы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Естелік үзілісті білмейді» деген тақырыппен аты аңызға айналған, Ұлы Отан соғысының ойранын көрген Кеңес одағының батыры, №1 Халық қаһарманы, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия герералы Сағадат Нұрмағамбетовпен болған сұхбаты берілген. Сұхбат Ұлы Отан соғысында қару ұстап, жеңіс күнін жақындатқан қазақстандықтар жайында сөз қозғайды.
Еліміз тәуелсіздігі жолында қазақ халқы қаншама көтерілістерді бастан кешірді. Өткен тарихымызға үңілген аталмыш басылымдағы келесі мақала «Үшқоңыр көтерілісі» деген тақырыппен берілген. Аты айтып тұрғандай, мақала 1916 жылғы Жетісу қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі жайында баяндайды.
Сондай -ақ «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөміріндегі «Каирдегі Бейбарыс медресесінің Тараздық ұстазы» деген тақырыппен берілген мақалада Һибатулла бабамыз Тараздан өзімен бірге мұсылман шығысына баласын да ерте кеткендігі және оның Каирде атақты ғалым Мұхийад -Дин Әл-Курашимен бірге оқығаны айтылады.
***
«Дүниежүзін «дүр сілкіндірген» дағдарыс үкіметті отандық өнім өндірушілерге басқаша көзбен қарай бастауға мәжбүр етті. Бұрын шенеуніктердің, негізінен, шетелдік тауар өндірушілерге бүйрегі бұрып тұратын», - деп жазған «Айқын» газетінің бүгінгі санындағы «Отандық тауар өндірушілерге арналған тұжырымдама» деген тақырыптағы мақала Министрлер Кабинетінің кешегі отырысында ұсынылған Үкімет мүшелерінің қарауына ұсынылған заң жобалары туралы жазды.
Аталмыш басылымның осы номіріндегі «Ұлттық тәрбие туралы заң қабылдау керек пе?» деген сауалға құрылған мақала елін, жерін сүйетін, өз халқының тілін, мәдениетін қастерлейтін азаматтарды тәрбиелеу, ұлттық тәрбие аясында ел ағаларының өзекті пікірлерін ортаға салады.
«Бизнес пен ғылым екі жағалауда тұрса да, бір - біріне қол созуға жарап қалды», - дейді Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов. Ғылым мен өндірісті тоғыстыру төңірегіндегі пікірлермен ортақтасқыңыз келсе «Айқын» газетінің күнделікті «Ақ сөйле!» айдарындағы сұхбатқа назар аударыңыз.
***
«Мемлекет басшысы кеше Ақордада кеңес өткізіп, онда елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мен күзгі жиын-терін науқаның барысы талқыланды», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Газеттің келтірген мәліметтеріне қарағанда, бүгінде егіс алқабының 85 пайызында астық орылып біткен.
Аталмыш басылым сондай-ақ кеше Астанада өткен «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың «Қазақстан - алға ұмтылған ел. Ұлттық көшбасшының факторы» кітабының таныстырылымы туралы да жазған.
Ал «Известия-Казахстан» газеті Үкімет Басшысы Кәрім Мәсімов дүйсенбі күні Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевқа оңтүстік аймақта жанар-жағар май мәселесіне қатысты тексеру жүргізіп, бағамен «ойнап» жүргендерді жазалауды тапсырғанын жазған.
«Қазақстанда жынысын ауыстыру мүмкіндігі бұрын да болған, бірақ мұндай операцияға тілек білдірушілер аз болды», - дейді «Экспресс-К» газетінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тамара Вощенкова. Газет енді он күннен кейін күшіне енетін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің кейбір баптарына үңіліп, жыныстық ауытқушылықпен дүниеге келген адамдардың біздің елде де жынысын ауыстыру операциясын жасай алатындығына назар аударған.
Ал «Литер» газеті осы денсаулық кодексіне қатысты тақырыпты жалғастыра келіп, енді он күннен кейін елімізде қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынатынын жазады. Темекі тартуға болмайтын орындардың қатары енді би кештерімен және түнгі клубтармен, жұмыс орындары мен тұрғын үйлердің кіреберістерімен толыққан.