Отандық тауарларда сайлауда дауыс беруге үгiттейтiн 3 миллион стикер жапсырылды - ҰКП
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық кәсiпкерлер палатасының арнайы шарасы барысында отандық тауарларда сайлауда дауыс беруге үгiттейтiн стикерлер пайда болды. Бiр айдың iшiнде 3 миллионнан астам тауар үгiт стикерiмен шығып үлгердi және 1 миллионнан астам отбасыны қамтыды. Бұл туралы бүгін ҚР ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті.
Еске салсақ, 26 наурызда Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сайлау науқанына байланысты «Әркімнің дауысы маңызды!» атты ауқымды ақпараттық акцияны бастаған болатын.
«26 сәуірде сайлаушылардың президенттік сайлауға келуі бізге өте маңызды. Осы мақсатта бiр ай бұрын ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Әркімнің дауысы маңызды!» атты ауқымды ақпараттық акцияны бастады. Бұл шара белгілі бір кандидатты үгіттеу немесе саяси күшке қолдау білдіру акциясы емес, жұртты өз дауысын беруге шақыру», - деді ол бүгін баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, отандық кәсіпкерлер өздері шығаратын өнімдердің сыртына арнайы «Әркімнің дауысы маңызды!» атты ұран жазылған эмблемалармен таңбаланды. Дүкен сөрелерінде отандық өнімдердің барлығында осындай стикерлер жапсырылады. Сонымен қатар, барлық дүкендерде, мейрамханалар мен дәмханаларда сайлау күні белгіленген және азаматтарымызға сайлауға неше күн қалғанын көрсетiп тұратын күнтізбелер қолданылды.
«Тауарларға жапсырылған стикерлердiң жалпы саны 3 миллионнан асып кеттi. Шараға белсендi араласқан ең көп компания Жамбыл облысында тiркелдi. Екiншi орында - Павлодар облысы, үшiншi - Солтүстiк Қазақстан облысы. Акция 26 наурыз бен 24 сәуiр аралығында 1 миллионнан астам қазақстандық отбасыны қамтыды. 80-нан астам билборд орнатылды. Интернет-баннерлер арқылы 3 миллионнан астам ғаламтор пайдаланушылары қамтылды», - дейдi Н. Әлтаев.