Отандық тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай электрондық сатып алуды ұйымдастыратын уақыт жетті - М. Көпей
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Тауарларды, қызметтерді сатып алу барысында қазақстандық қамту үлесін арттырудың мемлекеттік саясаты» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел жиынында Сенат Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сөз арасында қазақстандық қамтуды арттыра түсудің өзекті мәселелеріне тоқталған Мұхамбет Көпей, осы бағыттағы кедергілерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл проблемалардың қатарында отандық өнімдер түрінің жұтаңдығы, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сапасының төмендігі, өндірушілерді жүйелі қолдаудың жоқтығы, міндеттердің орындалуын ыдыраңқы бақылау секілді келеңсіздіктер орын алуда. «Қазақстандық қамтуды дамытуды тек тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді міндетті сатып алу деп қарауға болмайды. Мемлекеттің бәсекеге қабілетті, сапалы және сұранысқа ие тауарлар өндірісін ынталандыруын жүйелі, кең ауқымды кешен ретінде қарастырған маңызды. Парламент Сенатында қазақстандық қамту мәселесіне арналған заң жобасы қаралып жатыр. Бұл мемлекеттік сатып алуда қазақстандық қамтылым көлемін ұлғайту үдерісін арттыруға бағытталады. Жалпы, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді толықтай мемлекеттік электрондық сатып алуды ұйымдастыратын уақыт жетті. Бұл үшін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру қажет. Сонымен бірге, қазақстандық өндірушілер шығаратын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің толық базасын жасау да маңызды болып табылады», деді М. Көпей.