Отандық тәуелсіз аудиторлар кәсіби кеңестің құрылуына қарсы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық тәуелсіз аудиторлар «Аудиторлық қызмет туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулерге алаңдаушылық танытып, аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңестің құрылуына қарсылық білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отандық тәуелсіз аудиторлар кәсіби кеңестің құрылуына қарсы

Өткен жылы 6 шілдеде «Аудиторлық қызмет туралы» ҚР Заңына енгізілген түзетулер күшіне енді.

Түзетулердің негізгі идеясы — Қазақстанда аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес құру.

Тәуелсіз аудиторлардың мәлімдеуінше, заңға енгізілген өзгерістерден кейін еліміздегі аудиторлық ұйымдардың 76%-ы өз қызметін тоқтату қаупі бар.

«Аудиторлық қызмет туралы заңға енгізілген түзетуде бәсекелестік орта құру және аудит саласындағы кәсіби бірлестіктердің қатысуы қарастырылмаған. Осыдан келіп алдын ала бағалау бойынша аудиторлық ұйымдардың 76%-ы өз қызметін тоқтатуына тура келіп отыр. Ал қалған аудиторлық ұйымдар «алым» төлеуге міндеттеледі. Нәтижесінде аудитті жүргізуге рұқсат алудан бастап, оны жүргізуге дейінге кезең толық мемлекеттің бақылауында болады», - деді «Аудиторлар алқасы» кәсіби аудиторлық ұйымының басқарма төрағасы Данияр Нұрсейітов ZOOM платформасында өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, тәуелсіз сала мамандары аталған кәсіби кеңестің функцияларын ескере отырып, аудиторлық ұйымдарға қатысты бақылау және реттеу функцияларының жалпы саны 18-ден 30-ға дейін артатынын жеткізді.

Шараны ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сейкес, бүгінде Қазақстанда 484 аудиторлық ұйым және 1869 аудитор бар.