ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ОРЫНДАРЫ. Алакөлге барғандар неліктен өкінбей қайтады?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдегі саяси дағдарыс, лаңкестік оқиғалар жаһандық туризмге көлеңкесін түсірмей қойған жоқ. Осы орайда жазғы демалысын тиімді пайдалануға тырысатын отандастарымыз үшін түрлі жеңілдіктермен шетелдік компаниялар ұсыныстарын әзірден-ақ жарнамалай бастады. Алайда, соңғы жылдары отандық туризмнің де дамып келе жатқаны баршаға аян. Бурабай, Каспий жағалауындағы Кендірлі демалыс аймағы өз алдына тамаша ұсыныс болса, Мойылды, Жаңақорған, Сарыағаш сынды шипажайлар көптен талайдың көңілінен шыққан. Ыстықкөлден «жалыққандар» соңғы жылдары шипалы Алакөлде демалып жүр. Қазақта «Мың естігеннен бір көрген артық» дейтін мақал бар. Егер Алакөл туралы «мың естіп, бір көруді» армандап жүргендер болса, олардың сенімін бекіте түсу үшін Алакөлге барғандардың өкінбей қайтатына сендіретін бірнеше деректі ұсынамыз.

ОТАНДЫҚ ТУРИЗМ ОРЫНДАРЫ. Алакөлге барғандар неліктен өкінбей қайтады?

Алакөл - тұзды ағынсыз көл. Ол Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының шегарасында орналасқан. Көлдің оңтүстік-шығыс жағында Жоңғар қақпасы бар. Батысында Көктұма ауылы, ол қазақ-қытай шегарасынан 80 шақырым жерде жатыр. Шығысында - Қабанбай ауылы. Бұл ауыл дамыған туристік инфрақұрылымымен ерекше, Қабанбайдың шығысында 15 шақырым жерде Барлық-Арасан курорты орын тепкен.

Алакөл - емдік қасиеті өте мол ағынсыз су қоймасы. Мұндағы Арқаның қуаң даласындағы құрғақ ауа көл бетіндегі дымқыл ауамен араласып жағасындағы адамға жағымды әсер береді. Көл суы да минералды ресурстарға, йодқа, тұзға, химиялық элементтерге бай болғандықтан, судың денсаулыққа пайдасы медицинада дәлелденген.
Алакөлді бірқазан, аққу, көкқұтан, тырна, шағала сынды 60 түрлі құс мекендейді. Алакөлдің суы тұзды. Сондықтан судағы минералдар тыныс алу мүшелері мен сүйек-бұлшықет және жүйке жүйесі аурулары мен тері ауруларынан айықтыратын таптырмас қасиетке ие.
Алакөлде курортты демалыс орындарының орналасу себебі - суының минералдарға бай болуында, оның құрамында Менделеев кестесінің элементтерінің көбі кездеседі, құрамы жағынан Қара және Өлі теңіздерге ұқсайды. Сондықтан бұл аймақта демалушылар емдік туризммен шұғылданады.

Көл жағалаулары тек емдік саяхат үшін ғана емес, тыныштықты қалайтын туристерге де көп ұсыныс жасайды. Бұл ретте Алакөл аумағындағы балық аулау мен аңшылық өте танымал.
Туризм бұл аймақта соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар, шығысындағы Қабанбай мен батысындағы Көктума ауылдары да демалыс аймағы саналып, туристік қызметтер ұсынып келеді. Алакөл Теңіз деңгейінен 247,3 м абсолюттік биіктікте орналасқан. Көлдің аралдарымен қоса есептегендегі аумағы 2696 км2, ұзындығы 104 км, ең шығыңқы ені 52 км, жағалауларының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1 м, ең терең жері 54 м, көлдің су көлемі 58-60 км3. Су жиналатын алабы 47859 км2. Алакөлдің ең ірі шығанағы - Алакөл шығанағы. Ол көлдің оңтүстік-шығысындағы тау аралық ойыста орналасқан. Көлге 15 өзен құяды, олардың ішінде негізгілері - Үржар, Қатынсу, Емелқұйса, Ырғайты, Жаманаткөл, Тасты. Алакөл - өте келбетті, табиғи рельефі сұлу қазаншұңқырға жатады. Оған батыс жағалауындағы Тоқта тауы, шығысындағы Барлық жотасы, түстік шығысындағы Жоңғар Алатауы, сол жағындағы мұнартқан Тарбағатай жотасы, сондай-ақ, жергілікті жұрт «Арал төбе» атайтын ортасындағы аралдар айрықша әр береді. Кеңес кезінде Алакөлде Ғарышкерлер үйі жұмыс істеді. Онда тек кеңестік ғарышкерлер ғана емес, басқа капиталистік алпауыт елдердің де көктен оралған ұшқыштары бойындағы радиациядан осы көлде демалу арқылы арылатын.

Көл жағасы құстар мен өсімдік дүниесіне бай. Алакөл фитопланктоны құрамында балдырдың 58 түрі, зоопланктонның 80 түрі бар. Балыққа бай (алабұға, шармай, көксерке, көкбас, сазан т.б.). Аққу, қаз, үйрек, балықшы, бірқазан т.б. құстар, қамыс арасында теңбіл мысық, өзен сағаларында ондатр кездеседі. Жағалауы - шабындық және жайылым.

Сөз қорытындысында айта кетелік, Алакөл суы емдік қасиетке бай. Оны заманауи медициналық зерттеулер жүргізу барысында дәлелдеген. Демалушылардың көбі Алакөлге шипа іздеп келеді. Көл суы радикулит, артрит, тері ауруларына шипа болып, адам денсаулығына жағымды әсер етеді.

Алмас Мұқашұлы