Отандық зергерлік өнеркәсіпті дамытуға заңнамалық қолдаулар жасалады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасы қаралды.
Аталған құжат бағалы металдар мен асыл тастар өндірісі мен айналымы саласындағы қатынастарды реттеудің бірыңғай заңнамалық негізін қалыптастырады. Заң жобасы бағалы металдар мен асыл тастар, құрамында бағалы металдар бар шикізатты, зергерлік және бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған басқа бұйымдардың айналымы саласындағы Үкіметтің, уәкілетті органның, Ұлттық банкінің құзыретін айқындайды. Аталған заңды қабылдау отандық зергерлік өнеркәсіпті қолдауға және Қазақстан аумағындағы құрамында алтыны бар шикізатты мейілінше өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді. Яғни, құрамында алтыны бар шикізаттарды шетелге шығаруға шектеулер қарастырылады. Бұл ретте, егер отандық өндірістің бәрі шикізатты өңдеуден бас тартса немесе уәкілетті орган осындай бас тартудың орын алғаны туралы нақтыласа ғана құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларын шетелдерге өңдеуге шығару мүмкін болмақ. Отандық шикізаттан Қазақстан аумағында ғана емес, шетелде де өндірілген аффинирленген алтынды алуда Ұлттық банкі басымдық құқығына ие болады. Бұдан бөлек, зергерлік және басқа да бұйымдарды міндетті түрде сынамалау және таңбалау туралы ереже енгізілген. Жиын барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бағалы металдар мен асыл тастар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қаралды. Заң жобасы «Бағалы металдар мен асыл тастар туралы» заң жобасының ережелерін құқықтық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған бес заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобалары Палатаның қарауына жіберіледі.